2023 жылғы 16 қазанда Абай университеті Жаратылыстану және география институтының бастамасымен «Географиялық білім берудегі Тұрақты даму мақсаттары» тақырыбында 5 күндік республикалық семинар-тренинг басталды.
Іс-шараға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген мектеп мұғалімдері, ЖОО оқытушылары, магистранттар мен докторанттар, болашақ география пәні мұғалімдері қатысуда. Мақсаты – география мұғалімдеріне ТДМ мазмұнының негіздерін географиялық білім беру үрдісіне енгізу үшін қажетті білім мен дағдыларды игеруге көмектесу.
Семинар барысында географиялық білім берудің оқу бағдарламаларына Тұрақты даму мақсаттарын енгізудің өзекті мәселелері талқыланып, тиімді оқыту үшін мектеп мұғалімдері мен университет профессорларының педагогикалық дағдылары мен құзыреттіліктерін дамытуға баса назар аударылады. Оқу үрдісінде тұрақты даму мақсаттарын сәтті жүзеге асырудың практикалық жағдайлары мен тәжірибесі қарастырылады.
Жаратылыстану және география институтының ғалымдары жұмыс істеп жатқан басым ғылыми бағыттар атап өтілді, оның ішінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын тұрақты даму саласындағы 9 жоба бар.
Айта кету керек, бұл семинар-тренинг оқу бағдарламаларын дамытуда және Қазақстанда географиялық білім беру сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Спикерлердің әрбір баяндамасынан кейін аудиториямен интерактивтер, сұрақ-жауап сессиялары өткізіліп, семинар-тренингтің бірінші күнінің соңында тыңдаушылар «Quiz of the Day» тестінен өтті.