«Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша студенттер Өзбекстанда білім алуда

«Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша студенттер Өзбекстанда білім алуда
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Өзбекстан Республикасында «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша білім алуда.
2023 жылдың қыркүйек айынан бастап «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінде 15 студент оқуын бастады.
Білім алушылар көршілес мемлекетте «Су ресурстары және суды пайдалану», «Кадастр және жерге орналастыру» білім беру бағдарламасы бойынша 1 семестр оқитын болады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықты, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімде ынтымақтаса жұмыс жасауымыз керек» деп атап өтті.
Аталған Жолдау еліміздегі барлық ЖОО үшін де аса маңызды. Білім алушылар қазіргі уақытта су шаруашылығы бойынша екі елдің оқу үдерісімен және ғылыми жетістіктерімен танысуда.
Айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Академиялық ұтқырлық», «Қос диплом» бағдарламалары бойынша студенттер жаңа оқу жылында Қытай Халық Республикасы, Польша, Түркия Республикасы, Оңтүстік Корея Республикасында білімін жетілдіреді.