БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ЖЕЛ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫНЫҢ МОДЕЛЬДЕРІН ЖАСАУДА

БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ЖЕЛ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫНЫҢ МОДЕЛЬДЕРІН ЖАСАУДА
Қарағанды Бөкетов университетінің Баламалы энергетика орталығында күн және жылу энергиясын пайдалана отырып, екі және үш қатарлы жел қондырғыларының үлгілері жасалуда. Оларды университеттің полигонында орнату жоспарланған. Қазақстанда мұндай конструкциялар әзірге жоқ.
Орталықтың инженері Нұрлан Ботпаевтың айтуынша, секундына 3 метрден 5 метрге дейінгі төмен және орташа жылдамдыққа арналған әзірлемелердің негізінде желдің жылдамдығы мен ауа ағыны мүмкіндігінше зерттелуде.
«Қондырғының кейбір жабдықтары 3D принтермен басып шығарылған соң аэродинамикалы жел туннелінде зерттеледі. Соңында олардың көрсеткіштері өлшенеді. Алынған барлық дерек зертханалық зерттеулермен салыстыруға келеді, бұл ең озық үлгісінің жасалуына ықпал етеді», - деп атап өтті ол.
Ғылыми жобаға студенттер, магистранттар, докторанттар қатысатынын атап өткен жөн. Олар өз жобаларын дипломдық және диссертациялық жұмыстарында белсенді қолданады.
Осылайша, ғылыми процеске университеттің талантты жастары жұмылдырылған. Жоба секундына 0-ден 30 метрге дейінгі ауа ағынының жылдамдық коэффициентін шығару мақсатында жаңа жел қондырғыларын әзірлеуге негіз болады. Бүгінгі таңда бұл тақырып өзекті және ғылыми жалғасын табатыны сөзсіз.
Жел энергетикасы қондырғысында жұмыс істейтін ғалымдар тобын Қарағанды Бөкетов университетінің Баламалы энергетика ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Назгүл Танашева басқарады.