ЕҰУ мен Үлбі металлургия зауыты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

ЕҰУ мен Үлбі металлургия зауыты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар ғылыми және өндірістік саладағы әріптестікті дамытуға, ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ілгерілетуге жәрдемдесуге, сондай-ақ кадрлар даярлауда күш-жігерді біріктіруге ниет білдіріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында бизнес экономиканың өндірістік секторларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайту үшін ғылыми қоғамдастықпен ынтымақтасуға тиіс екенін атап өткен болатын.
Өткен жылы ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді және бүгінде жоғары оқу орны трансформация бағдарламасы аясында ірі кәсіпорындармен байланыс орнатуда.
ЕҰУ және еліміздегі бірегей «Үлбі металлургия зауыты» АҚ қол қойған меморандум шеңберінде тараптардың күш-жігері бірлескен ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізуге және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үшін инвестициялар тартуға, стартап-компаниялар мен шағын-өндірістер құруға бағытталатын болады.
Меморандум кадрларды даярлау және қайта даярлау, білім беру бағдарламаларын, ғылыми тағылымдамаларды әзірлеу, ғылыми әлеуетті арттыру және кәсіпорынның ерекшелігін ескере отырып, басқа да бірқатар мәселелер бойынша ынтымақтасты қарастырады.
«Біздің мақсатымыз – ғылыми-техникалық міндеттерді шешу, өндірістерімізді, технологияларымызды жақсарту және қамтамасыз ету үшін бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізу. ЕҰУ-дың керемет ғылыми және кадрлық әлеуеті мен заманауи зертханалық базасы, келешегі зор әзірлемелері бар екенін көріп отырмыз. Біз сондай-ақ университетпен консорциумға кіруге және белгілі бір зерттеулер жүргізу үшін зертханаларымыз бен мамандарымызды ұсынуға дайынбыз», - деп атап өтті «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары –бас инженері Владимир Вахненко.
Бүгінде ЕҰУ ғалымдары ядролық физика, сутегі энергетикасы, мұнай химиясы, «цифрлық егіздер», криптология, биотехнология, инжиниринг, жаңа құрылыс материалдары және т.б. салаларда 230-дан астам ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. 2022 жылы университет құрамына «Ядролық технологиялар паркі» АҚ кірді.
Сондай-ақ, өткен жылдан бастап ЕҰУ-да коммерцияландыру идеяларын қолдауға арналған «JANA ASU» жеке гранттары тағайындалды.
Кездесуде университет ғалымдары мен ҮМЗ басшылығы бірқатар жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.