Х. ДОСМҰХАМЕДОВ УНИВЕРСИТЕТІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ДАЙЫНДАДЫ

Х. ДОСМҰХАМЕДОВ УНИВЕРСИТЕТІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ДАЙЫНДАДЫ
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Халықаралық Медиация орталығы» РҚ бірлестігінің кәсіби медиаторларымен және Болгария мемлекеті София университетімен өзара серіктестік орнатты.
Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақтан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында айтқан: «Этномедиация оқу орталығын құру керек. Онда тұрақты оқу курстарын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі даярлықтан өтуге тиіс», деген тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асып отыр.
Осы мақсатта Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен болгариялық София университеті бірлесіп магистратура деңгейінде «7М04213 – Этномедиация» инновациялық білім беру бағдарламасын әзірлеп, іске қосты.
Білім беру бағдарламасы еңбек нарығының қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің талаптарын қамтамасыз ететін мамандарды даярлаудың құзыреттілік моделі негізінде дайындалды.
Білім бағдарламасы бойынша дайындалған мамандар инновациялық тәсілдермен дауларды балама шешуге, этносаралық қақтығыстарға қатысы бар оқиғалар мен іс-әрекеттерді нақтылауға, әртүрлі деңгейде туындайтын құқықтық және басқа да қатынастарды, жеке және заңды тұлғалар арасындағы құқықтық мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Атырау университеті Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасы дайындайтан медиаторлар халыққа заңгерлік және медиативтік көмек көрсетуге, адам құқықтарын қорғау, этномедиацияны дамыту және қоғамдағы жанжал деңгейін төмендету мәселелері бойынша жобалар мен бағдарламаларды дайындап, іске асыруға елеулі үлес қосып келе жатыр.