Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің магистранттарына және студенттеріне АҚШ-тан келген оқытушы дәріс береді. Атап айтқанда ағылшын тілі мұғалімі Гада Рахман бір жылдық келісім бойынша келіп, 2023-2024 оқу жылында «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының студенттеріне сабақ беретін болады. Ол бұған дейін Хилсборо Коммьюнити колледжінде (Hillsborough Community College) академиялық мақсаттарға арналған ағылшын тілінен сабақ берген.
Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев АҚШ Елшілігінің өкілі Әсият Сүлейменовамен және АҚШ-тан келген ағылшын тілінің оқытушысы, English Language Fellow бағдарламасының қатысушысы Гада Рахманмен (Ghadah Rahman) кездесті. Кездесу барысында шетелдік оқытушының біздің университет үшін ұсынған бағдарламасын имплементациялау мәселесі кеңінен талқыланды.
«Қазақстанға халықаралық ELF Program US Department бағдарламасы бойынша келдім. Бағдарлама аясында Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орыны ұсынылды. Мен әріптестерімнің кеңесі бойынша Павлодарды таңдадым. Себебі, Марғұлан университеті бұған дейін де АҚШ жоғары оқу орындарымен тығыз байланысты жұмыс жүргізіп келеді. Мен бір жыл бойы сабақ беріп қана қоймай, қазақ халқының тілін үйреніп, салт-дәстүрімен де танысу ниетемін», - деді Гада Рахман.
Марғұлан университетінің «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы 2017 жылдан бері Қазақстандағы АҚШ Елшілігімен тығыз ынтымақтастықта. Яғни, халықаралық Fulbright ETA және ELF Program бағдарламаларына бірнеше рет қатысты.