Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қозыбаев университетіне барды. Ведомство басшысы жоо-ның профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесу өткізді.
Ең алдымен, Саясат Нұрбек оқу орнының жұмысымен танысып, жобалау мен жабдықталудың ең жоғары озық стандарттарына сәйкес салынған жаңа оқу-зертханалық корпусында болды. Айта кетсек, оқу корпусында жас зерттеушілердің практикалық білімін арттыруға арналған 60-тан астам жаңа зертханалар бар. Олардың 20-ы инженерлік, 20-ы жаратылыстану-ғылыми және агротехнологиялық, 10-ы медициналық бағытта қызмет етеді.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесуде министр Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі басымдықтары туралы айтты. Сондай-ақ, СҚУ туралы өз көзқарасымен бөлісті.
«Қозыбаев университеті – өзгерістен қорықпайтын, сапамен астасып жатқан тарихы терең, болашағы зор университет. Ол еліміздің жоғары оқу орындарының тізімінде беделді орын алады», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Министр университеттің жатақханаларына барып, студенттермен әңгімелесті. Айта кету керек, СҚУ-да үш жеке студенттік жатақханасы бар. Орындардың жалпы саны – 1372. Биыл барлық жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жиһаздар мен тұрмыстық техника сатып алынды. Сондай-ақ, Саясат Нұрбек Қозыбаев университетінің 1200 орындық жаңа жатақхана ғимаратының құрылысымен танысты. Жатақхана өз есігін 2024 жылдың 1 қыркүйегінде ашады деп жоспарлануда.