САЯСАТ НҰРБЕК ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КЕҢСЕСІНІҢ МИНИСТРІ МОХАМАД МАЛИКИ БИН ОСМАНМЕН КЕЗДЕСТІ

САЯСАТ НҰРБЕК ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КЕҢСЕСІНІҢ МИНИСТРІ МОХАМАД МАЛИКИ БИН ОСМАНМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Сингапурға жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сингапур Республикасының Премьер-Министр Кеңсесінің министрі, екінші сыртқы істер министрі, екінші білім министрі Мохамад Малики бин Османмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.
Кездесу барысында министр Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін дамыту мақсатында ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізіп жатқан реформалар туралы айтып берді. Оның ішінде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламалары, Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша ақпаратпен бөлісті.
Сондай-ақ, министр Сингапур Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары барысында ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Осы мақсатта Саясат Нурбек келісім жасау туралы ұсыныс жасады, оны Сингапурдың білім министрі қолдады. Осылайша, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға алдағы жауап сапары шеңберінде екі министрлік арасында келісімге қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ары қарай қазақстандық делегация Сингапур Ұлттық университетінде болды. Жоо өкілдерімен кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі су ресурстары бойынша мамандар даярлау мәселесін көтерді. Университет президенті Tan Eng Chye қазақстандық әріптестеріне қолдау көрсетуге дайын екенін және жоо су ресурстарын басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісетінін атап өтті. Сонымен қатар, Саясат Нұрбек университет басшылығына қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп қос дипломды бағдарламалар ашуды ұсынды. Университет өкілдері ұсынысқа қызығушылық білдіріп, магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша ынтымақтастықты қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Сингапурға сапарының соңында министр Саясат Нұрбек Ұлттық Ғылым қорының өкілдерімен кездесті. Тараптар ғылым саласында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың Сингапур университеттері мен зерттеу орталықтарына ғылыми тағылымдамаларға жіберілуін талқылады.