Әуезов университеті Сиань Цзяотун университетімен (Xi'an Jiaotong University) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Әуезов университетінің өкілін Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шуго мырза қабылдап, университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесу барысында екі университет арасында байланыс орнатудың тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, студентердің академиялық ұтқырлық бағдарламасы, магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамасы, докторанттарға ғылыми кеңесші тағайындау, профессор оқытушы құрамның қонақ дәрістерін ұйымдастыру және бірлескен ғылыми зерттеу жүргізу мәселелері көтерілді.
Цзяотун Сиань Университеті – көпсалалы білім ордасы. Қытайдың үздік тоғыз университетінен құралған С9 Альясына кіреді. QS рейтингі бойынша әлемнің үздік 300 университетінің қатарында.
Сонымен қатар, Ван Шуго мырза Әуезов университетін Жаңа жібек жолы университеттерінің альянсына мүше болуға ұсыныс жасады. 2023 жылғы 7-9 қазан күндері Сиань қаласында өтетін халықаралық конференцияның құрметті қонағы болуға шақырды.
2015 жылғы мамырда қытайлық «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасын жүзеге асыру аясында Сиань Цзяотун университеті Жаңа Жібек жолының университеттік альянсын құруға бастамашы болды. Жаңа Жібек жолы университетінің Альянсы - The University Alliance of the New Silk Road (UANSR) – жоғары білім берудегі ашықтық пен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтік емес ұйым. Альянстың негізгі міндеті – университеттер арасындағы студенттердің алмасу бағдарламаларын жетілдіру мен Альянс шеңберіндегі елдер халықтары арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамыту мен достықты нығайту. Бүгінде Альянсқа әлемнің 39 елінен 167 университет мүшелікте. Оның қатарында Назарбаев университеті мен әл-Фараби университеті бар.