ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ Х ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ ӘЛЕМІН ЗЕРТТЕУ СИМПОЗИУМЫ БОЛЫП ӨТТІ

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ Х ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ ӘЛЕМІН ЗЕРТТЕУ СИМПОЗИУМЫ БОЛЫП ӨТТІ
Жыл сайын түбі бір түркі жұртының басын қосып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (Қазақстан), Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті (Түркия), Әзербайжан Республикасының Баку Еуразия (Әзербайжан) университеттерінің ұйымдастыруымен өтетін алқалы жиын биыл да жоғары деңгейде аталып өтті.
Түркі әлемінің тіл, әдебиет, тарих, өнер, рухани құндылықтары мен әлеуметтік, экономикалық, халықаралық қатынастар саласында зерттеуді қажет ететін мәселелерді бірлесе шешуді мақсат тұтқан симпозимның ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау жолдап, симпозиум тарихы мен маңызына тоқталып өтті.
Симпозиум аясында дәстүрлі түрде серіктес университеттердің білімалушылары тарапынан 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Түбі бір түркіміз» фестивалі өтті. Түркі әлемінің мәдениетін тоғыстыратын фестивальда қазақ, түрік, әзербайжан елінің ән мен жыры, күй мен биі орындалды.
Түркі әлемінде іргелі зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдар сессиялық отырыстарда бас қосып, түркі тілдес елдердің жазу тарихы, көркем шығармадағы аударма мәселесі, ғұрыптық рәсімдердің лингвомәдениеті, латын әліпбиі, музыка, хореография саласындағы ерекшеліктері, сақтардың діни сенімдері, түркі әлемі мен бұқаралық медиа, түркі тілдес елдердің білім беру саласындағы ынтымақтастығы жайлы күрделі зерттеулер талқылады.
Жабылу салтанатында симпозиумның биылғы қарары бекітіліп, келесі жылы ХІ Халықаралық Түркі Әлемін Зерттеу симпозиумы Әзербайжан республикасы Баку Еуразия университетінде өткізіледі деп бекітілді.
Симпозиумға қатысқан барша ұйымдастырушылар мен фестивальға қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, үш ел университетінің басшылары бір-біріне ынтымақтастықтың белгісі ретінде естелік сый-сияпаттарын табыстады.
Іс-шара аясында симпозиум қонақтарына Қазақстанның мәдени-тарихи жерлерімен таныстыру мақсатында Алматы облысының туристік аймақтарына саяхат ұйымдастырылды.