АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚР ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ДАМЫТУ» ФОРУМЫ ӨТТІ

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚР ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ДАМЫТУ» ФОРУМЫ ӨТТІ
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Психологиялық қызмет» секторының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында психологиялық қызметті дамыту» республикалық форумы өтті. Форумға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің өкілдері, 80-нен астам психолог, еліміздің 58 жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы және проректорлары қатысты.
Форумда қазақстандық жоғары оқу орындарында психологиялық қызметтерді дамыту және интеграциялау және студенттерді психологиялық қолдау перспективалары, психологиялық қызметті тиімді басқару, білім беру үдерісіндегі психологтардың рөлі, студенттермен жұмыс істеудің заманауи әдістемелерін пайдалану және басқа да мәселелер талқыланды. Еліміздің тәжірибелі психологтары студент жастарды зерттеуге қажетті тәжірибелерімен және әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Іс-шара барысында «Психологиялық қызметтерді дамыту және интеграциялау перспективалары» тақырыбында тренинг өткізілді. Форум қатысушыларына «Психологиялық қызмет» секторының қызметі таныстырылып, «Студенттердің психологиялық портреті» зерттеу жұмысы ұсынылды. Абай университетінің психологтары құрастырған жаңа әдістемелік әзірлеме -«Шабыттан» психологиялық дәптерінің тұсаукесері өтті.
Форумға қатысушылар психологиялық қолдау тек проблемаларды шешуге ғана емес, сонымен қатар білім сапасы мен студенттердің әл-ауқатын арттыруға көмектесетін білім беру процесінің қажетті және маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Ашық микрофон аясында қатысушылар пікір алмасып, ортақ мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.
Тренинг соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.