ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы педагогтерге арналған тегін байқау сынақтарының базасын жаңартты. Тестілеу онлайн форматта орталықтың сайтында жүзеге асырылады.
Байқау сынағы Педагогтердің білімін бағалауға (бұдан әрі – ПББ, бұрын – ҰБТ) дайындалуға көмек ретінде әзірленді. Ұстаздарға ҰТО сайтында
https://prob-teacher.testcenter.kz/ сілтемесі бойынша тегін онлайн тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі. Ол үшін тек ЖСН теріп, тест түрін таңдап, байқау сынағына кірісу керек.
«Педагогтерге арналған ПББ-ның жаңа форматына сәйкес тестілеу екі блоктан және 50 тест тапсырмасынан тұрады: бірінші блок «Пәндік білім» – 30 тапсырма, екінші блок «Оқыту әдістемесі» – 20 тапсырма. Осыған байланысты біз байқау сынақтарының базасын жаңарттық. Байқау сынақтарының көмегімен педагогтер өздерінің дайындығын жақсартып, тестілеудің жаңа форматымен таныса алады», – деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сонымен қатар ПББ-ға дайындалу мақсатында ұстаздар ҰТО сайтының «Педагогтерге» бөлімінде тест тапсырмаларының спецификациясымен таныса алады. Сондай-ақ, сайтта тестілеудің сұрақтары ұсынылған әдебиеттердің тізімі жарияланды.
Осылайша, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен педагогтердің ПББ-ға сапалы дайындығы үшін көптеген шара қабылданып жатыр.
Айта кетейік, 2023 жылғы 27 наурызда 3-22 сәуір аралығында өтетін ПББ-ға өтініштер қабылдау басталды. Тестілеуге тіркелу ҰТО-ның
https://app.testcenter.kz/ сайтында онлайн жүзеге асырылады.