МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК 2023 ЖЫЛҒЫ ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚАРСЫ АЛДЫ

МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК 2023 ЖЫЛҒЫ ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚАРСЫ АЛДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласының әуежайында 2023 жылғы қысқы универсиададан жеңіспен оралған студент-спортшыларды қарсы алды. Чемпиондарды құрметпен қарсы алуға олардың туған-туыстары, достары мен жанкүйерлері де жиналды.

«Біздің студенттік құрама қысқы Универсиадада керемет нәтиже көрсетті. 11 отандық жоғары оқу орнынан 78 спортшы 10 спорт түрінен жарысып, 11 медаль жеңіп алды. Биатлоншылар екі «алтын», «күміс» және «қола» жеңіп алды. Трамплиннен секірушілер де жақсы өнер көрсетіп, отандық құраманың қоржынына тағы бір «алтын» мен «күміс» әкелді. Біздің шорт-трек спортшылары мен шаңғышылар да ерекшеленді. Сондай-ақ, шайбалы хоккей командасын ерекше атап өткім келеді. Олар топтық кезеңде үздіктердің қатарында болды. Ал «қола» үшін ойында Универсиада көшбасшылары – жапондықтарды жеңді. Барлық жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтаймын», - деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 12-22 қаңтар аралығында Қазақстанның студенттік құрама командасы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен XXXI Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қатысты.

Жалпы командалық есепте біздің спортшылар 11 медальмен 11-ші орынға ие болды. Яғни үш алтын, төрт күміс және төрт қола еншіледі.

Биатлоннан Вадим Куралев пен Бекентай Тұрлыбеков, трамплиннен секіру бойынша Данил Васильев алтын медаль жеңіп алды.
Құрамында Алина Ажгалиева, Яна Хан, Малика Ермек, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Әлішер Әбілқатимов өнер көрсеткен шорт-трек бойынша аралас құрама; биатлоншы Александр Мухин; құрамында Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Валерий Клименко, Санжар Жанисов, Антон Хван өнер көрсеткен биатлоннан ерлер құрамасы «күміс» алды.
Биатлоннан Александр Мухин; құрамында Айша Ракишева, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина өнер көрсеткен әйелдер командасы; шаңғы жарысынан Ксения Шалыгина; хоккейден ерлер құрамасы қола медальға ие болды.
--