«ҒЫЛЫМ – МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ». АСТАНАДА III ЖАСТАР ҒЫЛЫМИ ФОРУМЫ ӨТТІ

«ҒЫЛЫМ – МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ». АСТАНАДА III ЖАСТАР ҒЫЛЫМИ ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Young Researchers Alliance қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «III YRA Forum»  Жастар ғылыми форумы өтті. Іс-шараға жас ғалымдар, ғылым және білім, денсаулық сақтау ұйымдарының топ-менеджерлері, оған қоса ғылым және білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, азаматтық бастама салаларындағы жастар арасындағы белгілі көшбасшылар қатысты.

«Ғылым – менің таңдауым» тақырыбында өткен форум жұмысы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғы сөзімен басталды. Министр еліміздегі ғылым саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы әңгімелеп, жас зерттеушілер мен ғалымдарды қолдау бойынша мемлекет қолға алып отырған шараларды ерекше атап өтті.

Форумда баяндама жасаған спикерлер ғылыми-инновациялық қызметтегі жетістіктер тәжірибесімен бөлісіп, ғылыми-зерттеу мәдениетін ынталандырудың тиімді шаралары, пәнаралық диалогты дамыту үшін жағдай жасау және Қазақстандағы жас ғалымдарды қолдау жолдары туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар шараға қатысушылар ғылыми зерттеулердің коммерциялық табысты жобаға немесе өнімге айналуы, адами капиталдың экономикаға әсері, ауыл шаруашылығы және азық-түлік пен су қауіпсіздігі, өмір туралы ғылымдар және денсаулық сақтау, жасанды интеллект және үлкен деректер сияқты тақырыптарды талқылады.

Атап өтсек, «Young Researchers Alliance» қоғамдық бірлестігі – жас ғалымдар мен мансабының бастапқы кезеңіндегі зерттеушілерден құрылған коммерциялық емес ұйым. Альянстың негізгі мақсаты – жас зерттеушілер, сала өкілдері, профессорлық-оқытушылар құрамы, қазақстандық және шетелдік университеттердің студенттері арасында тығыз байланыс пен ынтымақтастық орнату. Сондай-ақ, Қазақстандағы ғылым мен инновацияның дамуына ықпал ететін ұсыныстар мен жобаларды әзірлеуге жәрдемдесетін бірыңғай платформа құру.