ҚЫЗЫЛОРДАДА «МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ» АТТЫ І ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ  

ҚЫЗЫЛОРДАДА «МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ» АТТЫ І ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ   

Қызылордада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Мамандығым – болашағым» атты І облыстық форум өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және облыстық білім басқармасы ұйымдастырған форумда республика бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстарының тиімділігін арттыру жолдары айтылды.

Іс-шараға облыстағы мектептер мен колледж директорларының бейінді оқыту жөніндегі орынбасарлары, қалалық, аудандық білім бөлімінің басшылары, кәсіби бағдар беру жұмыстарына жауапты мамандары қатысты.  

Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы осы форумға даярланған бейнежазбасы көрерменге ұсынылды. Министр кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіру, өңірлік атласты даярлаудың маңыздылығына тоқталды.

«Білім беру еңбек нарығының талабына сәйкес жұмыс істеу керек және кадрларды сол тапшылыққа, біліктіліктерге даярлау қажет. Енді бірнеше өңірде осы модельді өңірлік университеттердің негізінде бастайтын боламыз. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті  өңірлік форсайттың жобалық офисі ретінде оқытылады. Алдағы уақытта осындай ауқымды бастамалар мен семнарларды өткізеді», – деді министр.

Форумда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова биылғы талапкерлердің басым көпшілігі қандай мамандық таңдағандығына шолу жасап, мектептегі кәсіби бағдар беру жұмыстары кезінде  өңірдегі сұранысты ескеру керегін, осы бағытта жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.