ШҚТУ-да Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институты ашылды

ШҚТУ-да Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институты ашылды

ШҚТУ-да Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институты ашылды

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институты ашылды. Жаңа институт Қазақстан мен Бельгия арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға, аса маңызды минералдарды терең өңдеу технологияларын дамытуға және тұрақты металлургия саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталған.

Институттың ашылуы 13 қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайымы Матильданың қатысуымен өткен Қазақстан-Бельгия ректорлар форумында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды. Форум аясында ШҚТУ мен Бельгияның KU Leuven университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жаңа институт құрамында бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құруды көздейді.

Институттың құрылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарымен үндеседі. Жоба аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті дамытуға, шикізат пен металдарды терең өңдеуге және озық технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған.

Институт өңір әкімдігі жанынан құрылып жатқан Сирек және сирек жер металдары орталығының ғылыми-технологиялық құрамдас бөлігіне айналады. Институттың ашылуымен қатар оның болашақ ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және жоғары оқу орындарының зерттеу инфрақұрылымын нығайтуға қолдау көрсетеді. Бұл бастама өңір өнеркәсібінің қажеттіліктеріне сай технологияларды әзірлеуге және оларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді. Мегагрантты іске асыру аясында ШҚТУ заманауи ғылыми-зертханалық жабдықтар сатып алды.

«Біздің басты міндетіміз – ғылыми зерттеулердің нәтижелерін нақты өндірістік технологияларға айналдыру. Біз сирек және сирек жер металдарын бөліп алу, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және тұрақты металлургияны дамыту бағыттарында жұмыс істейміз», – деді ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.

Институт құрамына ШҚТУ мен KU Leuven университетінің бірлескен ғылыми-білім беру орталығымен қатар алты зертханадан тұратын VERITAS ғылыми-технологиялық орталығы кіреді. Жаңа ғимаратта Бельгияның Левен қаласындағы SOLVOMET орталығының тәжірибесі ескеріле отырып, заманауи зертханалар мен пилоттық қондырғылар орналастырылады.

Бельгиялық ғалымдармен және «Үлбі металлургиялық зауыты», «Қазатомөнеркәсіп» пен «Қазмырыш» сияқты өндірістік серіктестермен ынтымақтастық шикізатты терең өңдеу технологияларын дамытуға, білікті мамандар даярлауға және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуге жол ашады.