
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильдаға Қазақстан-Бельгия бірлескен жасанды интеллект және математика зертханасының жұмысы таныстырылды.
Astana Hub пен Гент университеті Alem.ai орталығында жасанды интеллект пен математика саласындағы бірлескен зертхана ашады. Жаңа зертхана екі ел ғалымдарының ғылыми ынтымақтастығын нығайтуға, жас мамандарды даярлауға, технологиялық стартаптарды дамытуға және халықаралық ғылыми қаржыландыру тартуға бағытталған.
AI Labs тұжырымдамасының бір бөлігі ретінде зертхана әлемнің жетекші университеттерімен ғылыми байланыстарды кеңейтуге үлес қосады. Оның қызметі іргелі математикалық зерттеулерді жасанды интеллект саласындағы қолданбалы міндеттермен ұштастыруға негізделеді. Атап айтқанда, оңтайландыру әдістері, статистика және ықтималдықтар теориясы жасанды интеллект модельдерін әзірлеу мен оқытуда маңызды рөл атқарады.
Зертхана аясында NeuroLearn және ParkScreen бастамаларын дамыту жоспарланып отыр. NeuroLearn жобасы жасанды интеллект, нейроғылым және бейімдеп оқыту бағыттарындағы зерттеулерге арналса, ParkScreen Паркинсон ауруын ерте анықтауға арналған ЖИ-скрининг әдістерін әзірлеуге бағытталған.
Жобаларға Гент университетінің және Қазақстанның ғалымдары, соның ішінде шетелде жүрген қазақстандық зерттеушілер қатысады. Бұл ынтымақтастық жаңа технологияларды әзірлеуге және жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында Гент университетінің атынан Қазақстанның дарынды оқушылары мен студенттеріне телескоп табысталды. Телескопта физика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары Франсуа Энглердің, Герард ’т Хоофттың және Мишель Майордың, сондай-ақ бельгиялық астронавт Франк Де Винненің қолтаңбалары бар.
Айта кетейік, Гент университеті (Universiteit Gent) – 1817 жылы құрылған Бельгияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Университет ғылымның түрлі бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді.