Абай университеті Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестікті нығайтады

Абай университеті Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестікті нығайтады

Абай университеті Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестікті нығайтады

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестікті кеңейтіп, Лотарингия университетінің Қазақстандағы филиалы негізінде көпжақты академиялық ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Францияның Лотарингия университетінде Абай атындағы ҚазҰПУ мен Францияның үш жетекші жоғары оқу орны басшыларының қатысуымен ресми кездесу өтті. Төртжақты кездесуде халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды дамыту, сондай-ақ Лотарингия университетінің Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы филиалының қызметін стратегиялық серіктестік аясында одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Абай университетінің Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп Франция тарапынан Лотарингия университетінің президенті Элен Буланже, Реймс Шампань-Арденн университетінің президенті Кристоф Клеман, Пуатье университетінің атынан профессор Фредерик Ришар, сондай-ақ Францияның жоғары оқу орындарының вице-президенттерімен кездесті.

Кездесудің негізгі тақырыбы – Лотарингия университетінің Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы филиалының қызметін француз университеттерімен стратегиялық серіктестік негізінде дамыту. Тараптар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты нығайту және жоғары оқу орындары арасындағы тұрақты халықаралық серіктестік моделін қалыптастыру мәселелеріне басымдық берді.

Кездесу қорытындысы бойынша Лотарингия университеті, Реймс Шампань-Арденн университеті, Пуатье университеті және Абай атындағы ҚазҰПУ басшылары Стратегиялық ынтымақтастық туралы ниет хатына (Letter of Intent on Strategic Cooperation) қол қойды. Құжат тараптардың Лотарингия университетінің Абай университеті жанындағы филиалы негізінде ұзақ мерзімді көпжақты стратегиялық серіктестікті дамытуға деген ортақ ұстанымын бекітеді. Бұл бастама Қазақстан мен Францияның жоғары оқу орындарының білім беру, ғылыми-зерттеу және институционалдық әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді.

Басқосу барысында тараптар еуропалық және халықаралық конкурстарға, гранттық бастамалар мен бағдарламаларға, соның ішінде Erasmus+ бағдарламасына бірлесіп қатысудың маңызын атап өтті. Мұндай ынтымақтастық академиялық алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге, қосымша қаржыландыру тартуға, сондай-ақ бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және институционалдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Абай университеті француз серіктестерімен бірлесіп, Қазақстан деңгейіндегі ынтымақтастықты үйлестіруге, академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім беру және ғылыми бастамаларды іске асыруға, сондай-ақ бірлескен жобаларды Қазақстан мен Орталық Азияның білім және ғылым кеңістігіне интеграциялауға үлес қоспақ.

Төрт университеттің Лотарингия университетінің Қазақстандағы филиалы негізінде қалыптасатын стратегиялық серіктестігі жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейтуге, бірлескен зерттеулерді дамытуға және Қазақстан мен Франция арасындағы академиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.