Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

12 қазанда NU-да аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған Қазақстан-Бельгия семинары өтті. Екі елдің мемлекеттік органдарының, өнеркәсіп саласының және ғылыми қоғамдастығының өкілдері минералдық шикізатты өндіру мен өңдеу, сондай-ақ қосылған құны жоғары материалдар шығару бағыттарындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Іс-шара Бельгия Королінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті. Семинарды Лёвен католиктік университетінің (KU Leuven) Тұрақты металдар мен минералдар институты (SIM²) және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен NU ұйымдастырды.

Семинардың жеке сессиясы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты дамытуға арналды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және KU Leuven университетінің докторы Питер Том Джонстың қатысуымен өткен пікірталаста бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ Қазақстан мен Бельгия университеттері мен ғылыми-зерттеу ұйымдары арасындағы байланысты нығайту перспективалары қарастырылды.

Семинардың негізгі бағыттарының бірі екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту болды. Тиісті сессияға Molymet Belgium, Hydrometal, «Қазатомөнеркәсіп» және «Тау-Кен Самұрық» компанияларының өкілдері қатысты. Қатысушылар аса маңызды металдар мен минералдар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін, оның ішінде оларды бөліп алу және өңдеу технологияларын дамыту мәселелерін талқылады.

Семинар саладағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың практикалық тетіктерін талқылауға, ғылыми әлеует пен өнеркәсіптік тәжірибені ұштастыруға және алдағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Талқылау қорытындылары аса маңызды минералдар мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде ұсынылады.