
Kozybayev University базасында жастар арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталған Young Health Programme (YHP) халықаралық бағдарламасы іске қосылды. Қазақстан AstraZeneca компаниясының бастамасын жүзеге асыратын елдердің қатарына қосылды. Ал университет елімізде аталған бағдарлама жүзеге асырылатын алғашқы жоғары оқу орны болды.
Бастама AstraZeneca компаниясы мен «Just Support» жеке қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында бір жыл бойы білім беру іс-шаралары өткізіліп, жастардың денсаулықты күту мәдениетін қалыптастыруға, жұқпалы емес аурулардың қауіп факторлары туралы хабардарлығын арттыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамытуға бағытталған түрлі бастамалар қолға алынады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтауын жолдап, ғылым, білім және денсаулық сақтау салаларындағы халықаралық серіктестіктің және бірлескен бастамаларды дамытудың маңызын атап өтті.
YHP бағдарламасының іске қосылуы AstraZeneca компаниясының ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен ынтымақтастығының практикалық жалғасына айналды. 2026 жылғы қаңтарда қазақстандық делегация Кембридж қаласындағы компанияның Discovery Centre (DISC) ғылыми-зерттеу орталығына барды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым мен инновациялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Young Health Programme бағдарламасын өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындады.
Бағдарламаның салтанатты ашылу рәсіміне Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Джейн Аксуорси, Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефан Эрикссон, AstraZeneca компаниясы мен «Just Support» қорының өкілдері, университет басшылығы, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов бастаған Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері қатысты.
«Заманауи университеттің міндеті – сапалы білім мен кәсіби құзыреттер берумен ғана шектелмей, әрбір студент өзін қауіпсіз сезінетін, қажетті қолдау алатын және физикалық әрі психологиялық денсаулығына қамқорлық жасай алатын орта қалыптастыру. Біз Young Health Programme бағдарламасын жұмысымызды жаңа деңгейге көтеруге, университеттің әлеуетін арттыруға және жастардың өздерін денсаулық мәдениетін қалыптастыру үдерісіне тартуға мүмкіндік беретін бастама ретінде қарастырамыз», – деді Kozybayev University ректоры Ербол Исакаев.
Университетте студенттерді қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасқан. Оның құрамына UniMed медициналық клиникасы, психологиялық қызмет және бесінші жыл жұмыс істеп келе жатқан Студенттердің психологиялық клубы кіреді. Жаңа бастама халықаралық тәжірибені университетте қолданыстағы тәсілдермен ұштастыра отырып, аурулардың алдын алу бағытындағы жұмысты кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Жастардың біліміне, дағдылары мен бастамаларына инвестиция сала отырып, біз олардың жастайынан өз денсаулығына саналы түрде қамқорлық жасауына, жұқпалы емес аурулардың даму қаупін азайтуына және өз ортасында оң өзгерістердің жаршысына айналуына қолдау көрсетуді көздейміз», – деп атап өтті AstraZeneca компаниясының Қазақстандағы бас директоры Елена Трогова.
Өз кезегінде «Just Support» қорының атқарушы директоры Светлана Богатырева салауатты әдеттерді қалыптастыруға және жастардың өмір сапасына саналы көзқарасын дамытуға бағытталған практикалық тәсілдің маңызын атап өтті.
Жоба аясында оның тиімділігін бағалауға ерекше назар аударылады. Өткізілген іс-шаралардың санымен қатар студенттердің қатысу белсенділігі, олардың денсаулық мәселелері туралы хабардарлық деңгейінің өзгеруі, қолдау қызметтеріне сұраныс және қатысушылардың кері байланысы ескеріледі.
Жинақталған тәжірибе мен тиімді тәсілдер алдағы уақытта университет аясынан тыс жерлерде де қолданылып, Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында кеңінен таралады деп күтілуде. Бастама жастар арасында аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында білім беру ұйымдарының, медициналық және психологиялық қызметтердің, сондай-ақ әлеуметтік серіктестердің өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған.
Young Health Programme бағдарламасы әлемнің 60-тан астам елінде жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның Kozybayev University базасында іске қосылуы халықаралық серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, жас ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту жолында университеттің, бизнес өкілдерінің, қордың және өңірлік билік органдарының мүмкіндіктерін біріктіреді.