Қазақстан мен Эстония ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Эстония ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Эстония ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

5-9 қазан аралығында Қазақстанда өтіп жатқан Еуропалық комиссияның TAIEX сараптамалық миссиясы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Эстония Экономика және коммуникациялар министрлігінің өкілдерімен кездесті. Миссия ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық комиссия арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ұйымдастырылды.

Кездесу барысында вице-министр жоғары білім мен ғылым салаларында жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының іске асырылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар Қазақстан мен Эстония арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі елдің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Эстония тарапынан келген Кюллики Тафель-Вийя мен Карел Лембер инновациялық экожүйені дамыту, ғылыми әзірлемелерді венчурлік қаржыландыру және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бағыттарындағы Эстония тәжірибесімен бөлісті. Кездесуге қатысушылар акселерациялық бағдарламаларды дамыту, технологиялар трансферті және ғылымды қажет ететін стартаптарға жеке инвестициялар тарту перспективаларын да талқылады.

TAIEX сараптамалық миссиясы венчурлік инвестициялау, технологиялық кәсіпкерлікті қолдау және орнықты инновациялық экожүйе қалыптастыру салаларындағы еуропалық тәжірибені зерделеуге бағытталған. Миссия аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «Ғылым қоры» АҚ, Astana Hub, QazInnovations және Қазақстанның инновациялық экожүйесінің басқа да қатысушылары өкілдерінің қатысуымен тақырыптық семинарлар мен жұмыс кездесулері өтті.

Талқылаудың жеке бағыты Еуропалық одақтың зерттеулер мен инновацияларға арналған Horizon Europe шеңберлік бағдарламасына Қазақстанның қатысу мәселесі болды. Гүлзат Көбенова еліміздің бағдарламаға қатысуының қазіргі жағдайы мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жоспарлары туралы айтып, Қазақстанның бағдарламаға қауымдасқан ел мәртебесімен қосылу перспективаларына тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым, зерттеулер мен инновациялар саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде Horizon Europe бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екендерін растады. Бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, университеттер мен ғылыми институттар арасындағы әріптестікті нығайту, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және технологияларды коммерцияландыру мақсатында экономиканың нақты секторы өкілдерімен байланысты дамыту басым бағыттар ретінде айқындалды.