ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Атырау қаласындағы И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалының қызметін дамыту және екі ел арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту мәселелері қаралды.
Кездесуге филиалдың жаңа директоры Олег Четвериков қатысты. Тараптар филиалдың стратегиялық даму бағыттарын, білім беру бағдарламаларын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту және екі университет арасында «айна» зертханаларын құру мүмкіндіктерін талқылады.
И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің Атыраудағы филиалы Қазақстан мен Ресей арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық жобалардың бірі болып саналады. Филиал 2022 жылы екі мемлекет арасындағы үкіметаралық келісімдер аясында құрылып, сол жылдың тамыз айында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында орналастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – қазақстандық жастарға өз өңірінен шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі сапалы инженерлік білім алуға, Ресейдің жетекші мұнай-газ университетінің білім беру бағдарламаларын меңгеруге және тиісті дипломын алуға мүмкіндік жасау. Филиалдың қалыптасуы мен дамуына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ елеулі қолдау көрсетіп келеді.
Өткен кезеңде филиалдың материалдық-техникалық базасын дамыту, бейінді ғылыми зертханалардың мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне пайдалану және өңірдегі жетекші өндірістік кәсіпорындармен өзара байланысты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі уақытта филиалда 192 студент білім алады. Оның ішінде 105 студент бірінші курста, 87 студент екінші курста оқиды. Мамандар даярлау еңбек нарығында сұранысқа ие үш білім беру бағыты бойынша жүзеге асырылады:
✔ «Газ-мұнай құбырлары мен газ-мұнай қоймаларын салу және пайдалану»;
✔ «Мұнай-газ технологиялары»;
✔ «Кен орындарын геологиялық модельдеу».
Бұл бағыттар еліміздің мұнай-газ кешеніне қажетті жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға, өндірістің технологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және отандық энергетика саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағдарланған.
Кездесуде филиалдың алдағы даму кезеңінде білім беру мен ғылыми зерттеулердің өзара байланысын күшейтуге, заманауи зертханалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ қазақстандық және ресейлік жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды.
Атыраудағы филиалдың дамуы – Қазақстан мен Ресей арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестіктің нақты нәтижелерінің бірі. Жобаны одан әрі іске асыру өңірде халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға және мұнай-газ өнеркәсібінің қазіргі талаптарына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етеді.
Филиал қызметін дамыту ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, жоғары оқу орындары мен индустриялық серіктестердің өзара ықпалдастығы негізінде жалғасады.