
AI-Sana көрмесі аясында SDU University студенттері әзірлеген университеттік курстарды әзірлеу және басқаруға арналған Intelib AI-платформасы таныстырылды.
Intelib электронды кітапхана мен оқу материалдарын дайындауға арналған жасанды интеллект құралдарын бір платформаға біріктіреді. Кітапханадағы оқу әдебиеттері негізінде платформа силлабус, дәріс конспектілері мен тест тапсырмаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте оқытушы оқу мазмұнын толық бақылауда ұстайды: дайын материалдарды тексеріп, өңдей алады немесе қажет болған жағдайда қайта әзірлей алады.
Платформаның негізгі мүмкіндіктерінің бірі – электронды кітапхана бойынша интеллектуалды іздеу жүйесі. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітаптарды, ғылыми мақалаларды, журналдарды, сөздіктер мен энциклопедияларды іздеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Intelib пайдаланылған дереккөздер мен оқу әдебиеттеріндегі нақты беттерді көрсете отырып, дәріс конспектілерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Дайындалған материалдар негізінде платформа тест тапсырмалары мен квиздердің әртүрлі түрлерін автоматты түрде қалыптастырады.
Студенттер оқу курстарына қол жеткізіп, квиздерді белгіленген уақыт және әрекет саны шегінде орындай алады. Сондай-ақ оқу барысының тарихы мен нәтижелерін бақылауға мүмкіндік қарастырылған.
Жоба университеттерге, оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ баспалар мен кітапханаларға арналған. Оның негізгі артықшылықтарының қатарында оқу материалдарын әзірлеуге кететін уақытты қысқарту, дереккөздермен жұмыс істеу, жасанды интеллект әзірлеген мазмұнды оқытушының бақылауында ұстау, сондай-ақ кітапхана, оқу курстары, топтар, квиздер мен оқу нәтижелерін бірыңғай цифрлық ортаға біріктіру мүмкіндігі бар.
Қазіргі уақытта платформа intelib.kz сайтында қолжетімді. Онда кітапхана бойынша интеллектуалды іздеу, курстар мен оқу топтарын басқару жүйесі, дереккөздерді көрсете отырып силлабус пен конспект әзірлеу құралдары, сондай-ақ квиздер мен оқу нәтижелерін бақылау жүйесі қамтылған.