Биотехнология Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытуға және экожүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді

Биотехнология Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытуға және экожүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді

Биотехнология Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытуға және экожүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді

Green Spaces Conference & Expo 2026 көрмесі аясында ғылым, бизнес, көшет шаруашылығы саласының өкілдері, көгалдандыру және ландшафттық құрылыс мамандары Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытудың заманауи тәсілдерін талқылады. Іс-шарада құрғақ әрі тұзды топырақ жағдайларына бейімделген бағалы ағаш түрлерін көбейту және өсіруге бағытталған отандық биотехнологиялық әзірлемелер таныстырылды.

Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты Azimut Green серіктестігімен көкшіл жапырақты тораңғыны (Populus pruinosa Schrenk) және әртүрлі жапырақты тораңғыны (Populus euphratica Oliv.) биотехнологиялық әдіспен көбейту және өсіру бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстың нәтижелерін ұсынды.

Көрмеге келушілер өсімдік материалын алудың толық циклін – in vitro жағдайында өсіруден бастап, әртүрлі жастағы бейімделген көшеттерге дейінгі үдерісті көре алды. Ұсынылған технология бағалы ағаш түрлерінің көшет материалын өндіру көлемін заманауи биотехнологиялық әдістер арқылы арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

Тораңғы Қазақстанның қуаң өңірлеріндегі табиғи экожүйелердің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл ағаш түрлері құрғақшылық пен тұзға төзімділігімен ерекшеленеді, шөл және шөлейт аймақтардың күрделі жағдайларына бейімделе алады. Сондай-ақ тораңғы тоғайлы экожүйелерді сақтауда маңызды рөл атқарады.

Климаттың өзгеруі, шөлейттену, топырақтың тұздануы және жердің деградациясы жағдайында тораңғыны пайдалану ерекше өзекті болып отыр. Тоғайлы ормандарды қалпына келтіру және аумақтардың ормандылығын арттыру мақсатында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жыл сайын тораңғы көшеттері отырғызылады. Алматы облысында тораңғы Іле ботаникалық бағының Бақанас ауылы маңындағы Үшжарма шатқалында орналасқан аумағына да отырғызылуда. 2026 жылы тораңғы көшеттері Қызылорда облысының аумағына да отырғызылды.

Сонымен қатар Қарағанды қаласында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экопарк құру және жасыл аймақтарды дамыту кезінде тораңғыны пайдалану жоспарланып отыр.

Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты – Қазақстанда тораңғыны тиімді көбейту және оның көшет материалын алу бойынша өзіндік биотехнологияларды әзірлеуде елеулі нәтижеге қол жеткізген жалғыз ғылыми ұйым.

Алынған көшеттерді құрғақ әрі тұзданған аумақтарды көгалдандыру, қорғаныш орман екпелерін құру, жылжымалы құмдарды бекіту, деградацияға ұшыраған экожүйелерді қалпына келтіру, сондай-ақ Қазақстан қалаларындағы жасыл аймақтар мен саябақтарды дамыту үшін пайдалануға болады.

Институттың Green Spaces Conference & Expo 2026 көрмесіне қатысуы отандық ғылыми әзірлемелерді кәсіби қоғамдастыққа таныстыруға, оларды практикалық тұрғыдан қолдану мүмкіндіктерін талқылауға және технологияларды одан әрі ауқымдандыру бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының Azimut Green компаниясымен ынтымақтастығы ғылыми әзірлемелерді көгалдандыру, орманды қалпына келтіру және Қазақстанның табиғи экожүйелерін сақтау салаларында практикаға енгізудің нақты мүмкіндіктерін көрсетеді.