AI-Sana: QyzPU студенттері жасанды интеллект саласындағы білімдерін нақты жобаларға айналдырады

AI-Sana: QyzPU студенттері жасанды интеллект саласындағы білімдерін нақты жобаларға айналдырады

AI-Sana: QyzPU студенттері жасанды интеллект саласындағы білімдерін нақты жобаларға айналдырады

Жасанды интеллектіні меңгеру – бүгінгі студент үшін тек жаңа технологияны үйрену емес, оны нақты мәселелерді шешуге қолдана білу. Мұны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері әзірлеген жобалар да көрсетіп отыр.

Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылған AI-SANA жобалар көрмесінде QyzPU студенттері жасанды интеллектіге негізделген әзірлемелерін таныстырды. Көрмеде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының жастары AI-SANA бағдарламасының үшінші кезеңі аясында әзірлеген жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Олардың қатарында QyzPU-дың Физика, математика және цифрлық технологиялар факультетінің студенттері де бар.

Университет студенттері жасанды интеллект бағытында барлығы 20 жоба әзірлеген. Соның бесеуі көрме алаңында таныстырылды. Жобалар білім беру мен университеттік сервистерді цифрландырудан бастап, қауіпсіздік, қаржылық сауаттылық және кәсіби бағдарға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды. Солардың бірі – Dorm Helper.

 

Dorm Helper: жатақхана мәселелері бойынша цифрлық көмекші

Dorm Helper – университеттің dorm.qyzpu.kz жатақханалар жүйесіне тікелей интеграцияланған жасанды интеллект ассистенті. Ол студенттерге жүйенің интерфейсін пайдалануға көмектесіп, жатақханаға қатысты сұрақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жауап береді.

Чат-ассистент жүйе экранының бұрышында орналасқан жылжымалы батырма арқылы іске қосылады. Осылайша студент ағымдағы бетті жаппай-ақ, қажетті ақпарат пен нұсқаулықты бірден ала алады. Ассистент университеттің жатақхана жүйесін пайдалану жөніндегі нұсқаулығы негізінде әзірленген. Сондықтан оның жауаптары мен ұсынымдары жатақхана жүйесінің нақты жұмыс тәртібіне сәйкестендірілген.

Бұл жоба жасанды интеллектінің күнделікті университеттік сервистерді студентке ыңғайлы әрі қолжетімді етуге қалай қолданылатынын көрсетеді.

 

20 жоба – нақты мәселелерге арналған шешімдер

QyzPU студенттерінің жобалары бір ғана бағытпен шектелмейді. Жастар университет қызметтерін цифрландыруға арналған iHelpDesk, ақпарат беретін Avatar QyzPU цифрлық аватарын, мектеп оқушыларына арналған Aqyl AI, ҰБТ-ға дайындыққа көмектесетін Zerde AI жобаларын әзірлеген.

Сонымен қатар инклюзивті білім беруге бағытталған IncluLearn AI, студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған StepCash AI, әйелдер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған AruSafe AI және кәсіби бағдар беретін NavIQ жобалары ұсынылды.

Бұл әзірлемелердің барлығы студенттердің жасанды интеллектіні теориялық тұрғыда меңгерумен шектелмей, алған білімін нақты цифрлық өнімдер жасауға қолданып жатқанын көрсетеді. Яғни студенттер үшін AI-Sana – жаңа технология туралы білім алумен қатар, өз идеяларын іске асырып, қоғамға қажетті шешімдер ұсынуға мүмкіндік беретін орта.

 

QyzPU-да AI бағытындағы білім 100% қамтуды көрсетті

AI-SANA бағдарламасын іске асыру аясында QyzPU-да жасанды интеллект бойынша білім беру жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде университеттің 11 547 білім алушысы, яғни 100%-ы AI бағытындағы оқумен қамтылған. Оның ішінде 2 036 студент 6 кредиттік «Жасанды интеллект негіздері» пәнін меңгерсе, 9 511 білім алушы сертификатталған онлайн курстарды аяқтаған.

Бұл көрсеткіштер университетте жасанды интеллект бойынша білім берудің кең ауқымда жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар студенттердің алған білімін практикалық жобалар арқылы бекітуіне ерекше мән беріліп отыр.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің AI-SANA бағдарламасын іске асыруға бағытталған қолдауы студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіріп, өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруына жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр.