
Киото қаласында 23-ші жыл сайынғы Science and Technology in Society (STS Forum) форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Ақ үйдің Ғылыми-техникалық саясат басқармасының (OSTP) директоры Майкл Крациоспен екіжақты кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, оның ішінде жасанды интеллектіні дамыту, зерттеу инфрақұрылымын жетілдіру және академиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Министр Қазақстанның ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қазіргі нәтижелерін, сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытуға және жаңа буын зерттеушілерін даярлауға бағытталған негізгі бастамаларын таныстырды.
Кездесуде жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған ұлттық AI-Sana бағдарламасына, сондай-ақ Орталық Азиядағы AI-Enabled моделін жүзеге асыратын алғашқы университет – Qazaq AI Research University (QAIRU) қызметіне ерекше назар аударылды. Министр Қазақстанның басым бағыттарының бірі – жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерге енгізу және AI for Science бағытын дамытуға қажетті жағдай қалыптастыру екенін атап өтті.
Тараптар Қазақстанды өңірлік академиялық орталық ретінде дамыту және халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту мәселелерін де талқылады. Осы ретте АҚШ-тың жетекші университеттерімен және технологиялық орталықтарымен ынтымақтастықты нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ халықаралық серіктестерді Қазақстандағы зерттеу инфрақұрылымын дамытуға тарту мүмкіндіктері қарастырылды.
Майкл Крациос Қазақстанда цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және екі елдің ғылыми әрі білім беру ұйымдары арасындағы тікелей байланысты дамытуға мүдделі екенін білдірді.
Сондай-ақ STS Forum 2026 аясында Киото қаласында «Kyoto Vision for a Golden Age of Science» («Киотолық пайым: Ғылымның алтын ғасыры») атты көпжақты министрлік декларациясын қабылдау рәсімі өтті. Құжат ғылыми жаңалықтарды жеделдетуге, зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуге, адами капиталды дамытуға және ғылыми қызмет жүргізу үшін тиімді жағдай қалыптастыруға бағытталған халықаралық ғылыми күн тәртібін айқындайды.
Қазақстан декларацияға қатысушы елдердің бірі ретінде халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және ашық әрі инновациялық ғылым қағидаттарын ілгерілетуге мүдделі екенін растады.