Ұстаздар мерекесінде жоғары білім беру саласының бірқатар өкілі мемлекеттік наградаға ие болды

Ұстаздар мерекесінде жоғары білім беру саласының бірқатар өкілі мемлекеттік наградаға ие болды

Ұстаздар мерекесінде жоғары білім беру саласының бірқатар өкілі мемлекеттік наградаға ие болды

Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғам дамуындағы айрықша маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Ұстаздар күні бүкіл қоғамды біріктіретін, халықтық сипатқа ие қастерлі мерекеге айналды.

«Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат», – деді Мемлекет басшысы.

Биыл еліміздің Ата Заңында адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды өркендету, серпінді инновацияларды қолдау басымдықтарының жоғары конституциялық деңгейде бекітілуі осы бағыттағы тарихи маңызы зор қадам болды. Бұл мемлекет дамуының өзегіне адамды, оның білімін, кәсіби құзыреті мен зияткерлік әлеуетін толық іске асыру мүмкіндігін қойғанымыздың айқын көрінісі.

Мемлекет басшысы мұғалімдік мамандықты таңдаған жастар санының артып келе жатқанын маңызды әрі оң үрдіс ретінде атап өтті. Биыл 12 мыңнан астам түлек, оның ішінде 2 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грант иеленді. Мұғалімдік жолды таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есеге артты. Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығын жас мамандар құрады.

Салтанатты іс-шара барысында білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстаз бен білім саласының қызметкеріне жоғары мемлекеттік наградалар табысталды.

Мемлекеттік наградалармен марапатталғандардың қатарында жоғары білім беру саласының көрнекті өкілдері де бар. «Құрмет» орденімен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зәйкенқызы Зәйкенова, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Esil University профессоры, экономика ғылымдарының докторы Мұрат Қапбарұлы Әлиев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Алма Шәймерденқызы Қожахметова және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің аға оқытушысы Игорь Алексеевич Шилов марапатталды.

 

Руда Зәйкенова: қазақ әдебиеті мен абайтануға арналған ғылыми-педагогикалық мектеп

Руда Зәйкенова – қазақ әдебиеттануы мен абайтану ғылымына елеулі үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, тәжірибелі ұстаз. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында ұзақ жылдар бойы ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып, ұлттық әдебиетті зерттеу, жас ұрпаққа әдеби-рухани құндылықтарды дәріптеу және ғылыми кадрлар даярлау бағытында нәтижелі еңбек етіп келеді. Саладағы еңбек өтілі 40 жылдан асады.

Профессордың ғылыми-зерттеу еңбектерінің маңызды бағыты – ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын зерделеу. Ғалым Абай шығармаларындағы ұлттық дүниетаным, рухани-адамгершілік құндылықтар, халықтық салт-дәстүр мен тұлға тәрбиесі мәселелерін ғылыми тұрғыдан қарастырады. Руда Зәйкенова 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ғылыми мұрасында монографиялар, жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдар бар. Ғалым еңбектерінде қазақ әдебиетінің XVIII ғасырдан тәуелсіздік кезеңіне дейінгі даму тарихы көркемдік және тарихи шындық тұрғысынан жан-жақты зерттелген.

 

Мұрат Әлиев: бухгалтерлік есеп саласындағы ғылыми мектептің негізін қалаушы

Мұрат Қапбарұлы Әлиев – Esil University-дің «Есеп және аудит» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы. Жоғары білім беру саласындағы ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі 50 жылдан асады.

Мұрат Әлиевтің ғылыми-педагогикалық қызметі мамандар даярлау және ғылыми кадрлардың жаңа буынын қалыптастырумен тығыз байланысты. 2010-2020 жылдары оның жетекшілігімен «Есеп және аудит» кафедрасында мамандар, магистранттар мен докторанттар даярланды. Қазақстанда «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша PhD докторларын даярлау ісі алғаш рет осы бағытта қолға алынып, оның жетекшілігімен 5 PhD докторы дайындалды.

Мұрат Әлиев – 200-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің, оның ішінде 20 монография, оқулық және оқу құралының авторы. 2020 жылдан бастап Esil University-де ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырып келеді. Университетте оның есімімен байланысты бухгалтерлік есеп саласындағы ғылыми мектеп қалыптасты.

 

Алма Қожахметова: вокал өнерінің кәсіби мамандарын даярлаған ұстаз

Алма Шәймерденқызы Қожахметова – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өнер, медиа және дизайн факультеті, Орындаушылық өнер кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты. Оның жалпы еңбек өтілі 53 жылды құрайды.

Алма Қожахметова 45-ке жуық музыкалық-драмалық спектакльдің музыкалық-вокалдық жетекшісі болды. Сонымен қатар вокалдық концерттер өткізіп, студенттерге республикалық және халықаралық байқауларға дайындық барысында жетекшілік етті. Бірқатар халықаралық және республикалық әншілер байқауында қазылар алқасының мүшесі болды. Ұстаздың шәкірттері республикалық студенттік пәндік олимпиадалар мен халықаралық және республикалық өнер байқауларында жүлделі орындарға ие болып, елге танымал мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатарын толықтырды. Алма Қожахметова ғылыми-педагогикалық еңбектердің, оқу және оқу-әдістемелік құралдардың, монографиялар мен хрестоматиялардың авторы. Оның ұзақ жылғы еңбегі отандық вокал өнерін дамытуға және кәсіби мамандар даярлауға бағытталған.

 

Игорь Шилов: спорт шеберлерін даярлаған білікті жаттықтырушы-ұстаз

Игорь Алексеевич Шилов – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің аға оқытушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 1993 жылдан бері пауэрлифтинг бойынша жаттықтырушы болып, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін, Азия және әлем чемпиондарын даярлады.

Игорь Шилов дене шынықтыру және спорт саласында мамандар даярлауға, жас спортшыларды тәрбиелеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі үлес қосып келеді. 30 жылға жуық уақыт бойы мектеп оқушыларына спорттық бағытта тәлім беріп, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға атсалысты.

Ұстаздар күніне орай жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған жоғары білім беру саласының өкілдері – білім мен ғылымды дамытуға, кәсіби мамандар даярлауға және жас ұрпақтың қалыптасуына елеулі үлес қосып келе жатқан білікті мамандар. Олардың көпжылдық еңбегі ұстаз мәртебесінің биіктігін, білім мен ғылымға қызмет етудің қоғам дамуындағы маңызын айқын көрсетеді.