
Сәтбаев университетінің ғалымдары су мен топырақты ауыр металдардан, радиоактивті элементтерден және органикалық ластағыштардан кешенді тазартуға арналған технологиялар әзірледі. Зертханалық сынақтар барысында жекелеген ластағыштарды жою тиімділігі 99%-ға дейін жетті. Әзірлемелер Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік ағын суларында да сынақтан өткізілді.
Технологиялардың негізін ластағыш заттарды сіңіріп, ұстап қалатын сорбциялық материалдар құрайды. Олар табиғи шикізат пен өсімдік қалдықтары негізінде алынады. Бұл ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеп, олардан су мен топырақты тазартуға арналған тиімді материалдар өндіруге мүмкіндік береді.
Зерттеудің негізгі бағыттарының бірі – суды радиоактивті элементтерден тазарту. Ғалымдар әзірлеген сүзгі материалы су құрамындағы стронций-90 мөлшерін 99%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Цезий-137-ні жоюға арналған тазарту жүйелері де жоғары тиімділік көрсетті.
Кәдімгі сүзгілеу әдістерімен тазарту қиын болатын ластағыштарды жою үшін ғалымдар суық плазма технологиясын қолданды. Электр разрядының әсерінен күрделі органикалық қосылыстар қарапайым заттарға дейін ыдырайды. Зертханалық сынақтар барысында бұл әдіс модельдік органикалық ластағыштың 99%-дан астамын шамамен 30 минут ішінде жоюға мүмкіндік берді. Технологияны суды залалсыздандыруға және өндірістік ағын суларды қосымша тазартуға да қолдануға болады.
Әзірлемелер Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік ағын суларында сынақтан өткізілді. Сынақ нәтижелері негізінде ғалымдар суды алдымен қоспалар мен тұздардан тазарту, кейін қосымша сүзу және қайта пайдалануға дайындау кезеңдерін қамтитын көпсатылы жүйе ұсынды. Құрамында уран бар ерітінділермен де жеке сынақтар жүргізілді. Алынған нәтижелер көпсатылы тазарту жүйесін одан әрі жетілдіру үшін пайдаланылады.
Зерттеу жұмыстарының тағы бір бағыты – ластанған топырақты қалпына келтіру. Ғалымдар топыраққа биокөмір қосу мыс, мырыш, кадмий және қорғасынды байланыстырып, олардың топырақтағы жылжымалылығын төмендететінін анықтады. Сонымен қатар бұл тәсіл топырақтың биологиялық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді. Әзірлемелер Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.
Жобаның маңызды ерекшелігі – тазарту тиімділігімен қатар технологиялардың экологиялық және экономикалық тиімділігін бағалау. Ғалымдар жаңа материалдардың көміртек ізін ескере отырып, олардың өмірлік циклін бағалады.
«Өсімдік шикізатын пайдалану, сорбенттерді қайта қолдану және химиялық реагенттерді аз қажет ететін технологияларды енгізу қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, тазарту шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді жоба жетекшісі, профессор, PhD Тоқтарбай Жексенбек.
Зерттеулер BR27199301 «Қоршаған ортаны антропогендік ластанудан және климаттың өзгеруінен қорғауға арналған климаттық бейтарап жаңа материалдарды, озық технологиялар мен әдістерді әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүргізіледі.
Бағдарлама аясында Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін ғылыми журналдарда 17 мақала, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 8 мақала жарияланды. Пайдалы модельдерге төрт патент алынды, тағы екі патенттік өтінім сараптамадан өтіп жатыр. Екі магистрлік және екі докторлық диссертация дайындалды. Сонымен қатар әзірлемелердің оқу үдерісіне және практикалық қызметке енгізілгенін растайтын екі акт алынды. Ағын суларды қайта пайдалану тұжырымдамасы да әзірленді.
Зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде де жалғасып келеді. Ғалымдар бірлескен зерттеулер жүргізуге арналған Польша грантын жеңіп алды. Сонымен қатар Жапонияның Атом энергиясы агенттігінен (JAEA) ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырту алды.