
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында «AI-Sana – жоғары білім беруді трансформациялаудың драйвері: адами капиталдан AI экономикасына дейін» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Сессия барысында AI-Sana бастамасын дамытудың келесі кезеңі – жасанды интеллект саласында құзыреттерді жаппай қалыптастырудан оларды экономикада іс жүзінде қолдануға көшу мәселелері талқыланды. Жаңа буын мамандарын даярлау, университеттер мен бизнестің өзара іс-қимылы, технологиялық әзірлемелерді коммерцияландыру, стартаптарды дамыту және AI шешімдерін ауқымдауға қажетті жағдай қалыптастыру мәселелері пікірталастың негізгі өзегіне айналды.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Стэнфорд университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбітгүл Каримова, Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев және Alpha Intelligence Capital серіктесі Ни Ли қатысты.
Сессияны аша отырып, ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев адами капиталды дамыту Мемлекет басшысы қойған Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық елге айналдыру мақсатына жетудің негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.
«Адами капиталды дамытуға ерекше мән беріледі. AI-Sana бағдарламасына қазірдің өзінде 650 мың қатысушы қамтылды, ал екінші кезеңіне еліміздің 100-ден астам университеті қосылды. Келесі қадам – бизнес-модельдерді дамыту және стартаптарды жеделдету. Мемлекет, ғылым, білім беру және бизнес күш-жігерін біріктіру жаңа буын мамандарын қалыптастыруға және Қазақстанда бәсекеге қабілетті технологиялық компаниялардың пайда болуына жағдай жасайды деп сенемін», – деді Қуанышбек Есекеев.
Сессияның бірінші бөлімінде AI экономикасын қалыптастырудың негізгі элементтері – адами құзыреттерді дамыту мен білім беру үдерісін трансформациялаудан бастап, индустрия міндеттерін шешу, өнімдер әзірлеу және капитал тартуға дейінгі мәселелер қаралды.
Стэнфорд университетінің профессоры Пол Ким жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде білім берудің рөлі өзгеріп келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, білім беру жүйесі студенттердің проблемаларды өз бетінше анықтауына, сыни ойлауына және практикалық құндылығы бар шешімдер әзірлеуіне мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруы қажет.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбітгүл Каримова университеттік ортаны трансформациялау тәсілдерін таныстырды. Оның ішінде жобалық оқыту, зерттеу құзыреттерін дамыту, индустриямен өзара іс-қимыл және кәсіпкерлік командаларды қалыптастыру мәселелері қамтылды. Сондай-ақ талантты жастарды AI шешімдерін әзірлеуге тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев ірі бизнестің заманауи AI құралдарын пайдаланып қана қоймай, оларды нақты бизнес міндеттерін шешуге, өнімділікті арттыруға және өлшенетін экономикалық нәтижеге қол жеткізуге қолдана алатын мамандарға сұранысын атап өтті.
Alpha Intelligence Capital серіктесі Ни Ли технологиялық әзірлемеден коммерциялық тұрғыдан өміршең өнімге және ауқымын кеңейте алатын компанияға көшу мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, өнім стратегиясы, нарық сұранысын растау, команда қалыптастыру және венчурлік капитал тарту мәселелері қарастырылды.
Сессияның екінші бөлімінде қатысушылар арасында модераторлық форматтағы диалог өтті. Онда университеттер, бизнес, мемлекет және инвестициялық қоғамдастық арасындағы қазіргі байланыстарға баса назар аударылды. Спикерлер еңбек нарығына қандай құзыреттер қажет екенін, университеттік әзірлемелерді практикалық қолданысқа қалай жылдам енгізуге болатынын, алғашқы корпоративтік тапсырыс берушілердің рөлі қандай екенін және қазақстандық AI стартаптарына инвестиция тарту үшін қандай жағдайлар қажет екенін талқылады.
Сонымен қатар қатысушылар AI-Sana бастамасының 2030 жылға қарай білім беру жүйесіне ғана емес, елдің экономикалық дамуына ықпалын бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштер мәселесін қарастырды.
Панельдік сессия 2025 жылы AI-Sana аясында басталған пікірталастың жалғасы болды. Кездесу барысында бастаманы дамытудың келесі кезеңі – «талант → құзырет → шешім → өнім → капитал → экономикалық әсер» дәйекті тізбегін қалыптастыру екені атап өтілді.
Бағдарламаны одан әрі дамытуда мемлекет, университеттер, технологиялық сектор, ірі бизнес және инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту ерекше маңызға ие. Мұндай тәсіл AI саласындағы құзыреттерді практикада қолдануға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және білімге, инновацияға әрі жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.