
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Кай-Фу Лимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту, AI-білім беруді жетілдіру және цифрлық экономиканың заманауи талаптарына сай мамандар даярлау перспективаларын талқылады.
Кездесуде елдегі жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға және технологиялық дамуға қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға бағытталған AI-Sana бағдарламасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ тараптар Орталық Азиядағы AI-Enabled моделін жүзеге асыратын алғашқы университет – Qazaq AI Research University (QAIRU) университетіне тоқталды. Университет жаңа буын мамандарын даярлауға, жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді дамытуға және AI технологияларын білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған алаңға айналады.
Кездесу барысында білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын дамыту, тәжірибе алмасу және жасанды интеллект саласында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша одан әрі өзара іс-қимыл мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және AI-білім беру, ғылыми зерттеулер мен технологиялық шешімдер бағыттарындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.