
Астанада «ЖИ-дан кейінгі университеттер: жаңа көшбасшылық, адамдық өлшем және Орталық Азия+ университеттерінің болашағы» тақырыбында Rectors’ Club: Central Asia+ клубының 8-отырысы өтті. Іс-шараны Almaty Management University (AlmaU) және Qazaq AI Research University (QAIRU) ұйымдастырды. Отырыс Қазақстандағы Жасанды интеллект жылы және AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында өтті.
Жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен сарапшылары қатысты. Қатысушылар жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында жоғары білім беру жүйесінің трансформациясы, университеттердің мемлекет және технологиялық компаниялармен өзара іс-қимылының жаңа модельдері, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті бағыттарын талқылады.
QAIRU ректоры Сапар Тоқсанов құттықтау сөзінде жасанды интеллектіні дамыту мәселелері бойынша өңірлік ортақ ұстаным қалыптастыруда университетаралық диалогтың маңызын атап өтті.
«Бүгінде университеттердің алдында, соның ішінде жасанды интеллектіні дамытуға байланысты елеулі сын-қатерлер тұр. Сондықтан осы сын-қатерлерге ортақ жауап қалыптастыру үшін тәжірибе мен пікір алмасудың маңызы зор. Мемлекет басшысы алдымызға жасанды интеллектіні түрлі бағыттар мен салаларға интеграциялауды көздейтін «AI + X» моделін дамыту міндетін қойды», – деді ректор.
AlmaU президенті әрі Rectors’ Club: Central Asia+ негізін қалаушы Асылбек Қожахметов жасанды интеллектінің дамуы университеттерден білім беру технологияларын ғана емес, жоғары білім берудің қалыптасқан тәсілдерін де қайта қарауды талап ететінін атап өтті.
«Орталық Азия университеттері тек өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасумен шектелмеуі керек. Біз жоғары білім берудің болашағын қалыптастыруға және өңір университеттерінің дамуына бірлесіп үлес қосуымыз қажет. Әр университеттің өзіндік стратегиясы мен даму бағыты бар. Дегенмен бәрімізге ортақ маңызды сұрақ бар: болашақтың университеті қандай болады? Rectors’ Club: Central Asia+ бастамасын құруымыздың негізгі мақсаттарының бірі де осы. Біз тек өз университеттеріміздің дамуына ғана емес, келесі ұрпақтың болашағына да ортақ жауапкершілік арқалаймыз», – деп атап өтті ол.
Отырыстың негізгі баяндамасын Сакраменто қаласындағы Калифорния университетінің (АҚШ) білім беру факультетінің профессоры, университеттің бұрынғы Chief AI Officer-ы, «Universities After AI» кітабының авторларының бірі Александр Сидоркин жасады. Ол жасанды интеллектінің дамуы жағдайында адам капиталының рөлі өзгеріп жатқанын атап өтті.
«ЖИ күнделікті және операциялық міндеттердің бір бөлігін өз мойнына алған сайын, адам үшін технологияны толықтыратын дағдыларды дамыту маңызды бола түседі. Олардың қатарында сыни ойлау, басқару, көшбасшылық, шешім қабылдау, шығармашылық және ЖИ құралдарымен тиімді жұмыс істей білу бар», – деді Александр Сидоркин.
«ЖИ жағдайындағы адам және университет» тақырыбындағы панельдік пікірталаста оқытушы рөлінің өзгеруі, білімді бағалаудың жаңа тәсілдері, сыни ойлау мен жаңа құзыреттерді дамыту, академиялық этика, сондай-ақ Орталық Азия университеттерінің мәдени бірегейлігін сақтау мәселелері талқыланды.
Отырыстың маңызды нәтижелерінің бірі – Astana AI Declaration 2026 университеттердің жасанды интеллект жөніндегі Астана декларациясын әзірлеу болды. Құжат Орталық Азия университеттерінің жасанды интеллектіні дамыту және жоғары білім беруді трансформациялау бағыттарындағы өзара ынтымақтастығының ортақ басымдықтарын айқындайды.
Жиын аясында AlmaU мен QAIRU арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыруды, сараптамамен алмасуды, сондай-ақ білім беру, жасанды интеллект және кәсіпкерлік салаларындағы жобаларды бірлесіп дамытуды көздейді.