Қазақстанда авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

Қазақстанда авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

Қазақстанда авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

Алматыда Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды. Жаңа институт азаматтық авиация саласындағы қолданбалы ғылыми және технологиялық міндеттерді шешу үшін отандық ғылымның, авиация саласының және халықаралық серіктестердің әлеуетін біріктіруге бағытталған.

Институттың құрылуы Қазақстанда авиациялық зерттеулердің өзіндік жүйесін қалыптастыруға және отандық авиация ғылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. ҒЗИ жұмысының негізгі қағидаттарының бірі – ғылыми кооперация. Институт елімізде қалыптасқан ғылыми мектептерді, зертханаларды және мамандардың құзыреттерін біріктіріп, оларды азаматтық авиацияның нақты міндеттерін шешуге бағыттайды.

Институттың ғылыми-зерттеу күн тәртібіне жасанды интеллект және авиациялық деректерді талдау, цифрлық технологиялар, авиациялық материалдар, заманауи диагностика және бұзбай бақылау әдістері, ұшқышсыз және автономды жүйелер, сондай-ақ авиациялық отын мен тұрақты авиациялық отын (SAF) бағыттары енгізілді.

Осы бағыттар бойынша ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен және бейінді ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық нығайтылды. Атап айтқанда, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтымен жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және авиациялық деректерді талдау салаларында, Ядролық физика институтымен авиациялық материалдар мен конструкциялардың техникалық жай-күйін зерттеу бағыттарында бірлескен жұмыстар жүргізу жоспарланған. Ал Жану проблемалары институты мен Д.В.Сокольский атындағы Отын, катализ және электрохимия институтының құзыреттері авиациялық отын және SAF бағытындағы зерттеулерге тартылмақ.

«Біздің миссиямыз – ұлттық іргелі ғылымды саланың қолданбалы қажеттіліктерімен байланыстыру», – деді Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев.

Халықаралық ынтымақтастық та институт қызметінің маңызды бағыты болады. Азаматтық авиация академиясы Қытайдың Азаматтық авиация университетімен (CAUC) бірлесіп «Азаматтық авиацияның қауіпсіздігі және интеллектуалды технологиялары» ғылыми-зерттеу зертханасын құрды. Зертхана құру туралы келісімге 2026 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысының Қытайға жұмыс сапары аясындағы іс-шаралар барысында қол қойылған. Зертхана бірлескен зерттеулер жүргізуге, халықаралық ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға және жас зерттеушілерді ғылыми жұмысқа тартуға мүмкіндік береді.

Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ғылыми нәтижелерді практикалық қолданысқа енгізуге ерекше мән береді. Зерттеу жұмыстарының тиімділігі ғылыми жарияланымдар мен патенттермен қатар, авиация саласының нақты мәселелерін шешуге, қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға бағытталған технологиялық шешімдер әзірлеу нәтижелерімен бағаланатын болады.

«Бізге жұмыс істейтін ғылыми кооперация қажет. Нақты міндеттерді анықтап, зерттеу топтарын қалыптастырып, бірлескен жобаларды іске қосу маңызды. Осындай жобалар құрылған модельдің тиімділігін көрсетеді», – деді Азаматтық авиация академиясының ректоры Дәулет Мамеков.

Жаңа институттың қызметі ғылым, білім беру, авиация саласы және халықаралық серіктестік арасындағы байланысты күшейтуге бағытталады. Бұл Қазақстанда азаматтық авиацияның өзекті міндеттеріне жауап беретін тұрақты ғылыми-зерттеу экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.