Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жалын құрылымы бойынша XI халықаралық семинары өтті. Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қытай, Германия, Израиль, Беларусь және Сингапурдан келген жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты.
Семинар жану процестерінің іргелі және қолданбалы зерттеулеріне арналған халықаралық ғылыми форумдар дәстүрін жалғастырды. Газ жалынының құрылымы бойынша алғашқы семинар 1983 жылы Новосибирскіде өтті. Өткен жылдар ішінде семинарлар сериясы жану физикасы мен химиясы, химиялық кинетика, жалын динамикасы, энергетикалық материалдар және заманауи энергетикалық технологиялар саласында жұмыс істейтін ғалымдардың өзара іс-қимылына арналған маңызды халықаралық алаңға айналды.
Семинардың ғылыми бағдарламасы баламалы отын түрлерін зерттеуді, жану процестерінің тиімділігін арттыруды, жаңа энергетикалық технологиялар мен энергетикалық материалдарды, жану кезінде күйенің, нанобөлшектердің және уытты қосылыстардың түзілуін, қалдықтарды қайта өңдеуді және оларды энергетикалық мақсатта пайдалануды, сондай-ақ заманауи эксперименталды және сандық зерттеу әдістерін қамтыды.
Семинардың ғылыми тақырыбы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асырумен тікелей байланысты. Энергетикалық тиімділік, баламалы отын түрлері және заманауи энергетикалық технологиялар саласындағы зерттеулер 7-ТДМ «Арзан әрі таза энергия» мақсатына сәйкес келеді. Жаңа технологияларды, инновациялық материалдарды, модельдеу әдістерін және заманауи ғылыми тәсілдерді әзірлеу 9-ТДМ «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді. Ресурстарды тиімді пайдалануға, қалдықтарды қайта өңдеуге және оларды жаңа материалдар мен энергетикалық ресурстарға түрлендіруге бағытталған зерттеулер 12-ТДМ «Жауапты тұтыну мен өндіріс» мақсатына сай келеді.
Семинар аясында зерттеу нәтижелері мен ғылыми әзірлемелермен алмасу, заманауи ғылыми тәсілдер мен зерттеу әдістерін, сондай-ақ бұдан былайғы ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау өтті. Семинарды өткізу халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға, кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуге және бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға ықпал етті.
Іс-шараны ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Жану проблемалары институты» ШЖҚ РМК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, РФҒА СБ В.В.Воеводский атындағы Химиялық кинетика және жану институты және РФҒА СБ С.С.Кутателадзе атындағы Жылу физикасы институты ұйымдастырды.