Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде 8 сатыға көтерілді

Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде 8 сатыға көтерілді

Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде 8 сатыға көтерілді

Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (GII) 8 сатыға көтеріліп, әлемнің 139 экономикасының арасында 73-орынға ие болды. Осылайша, инновациялық даму деңгейі ең жоғары әлемнің 80 экономикасының қатарына енді. Бұл – Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы ең жоғары өсім.

GII-2026 индексінің жаңа нәтижелері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде таныстырылды. Биылғы индекс «Ғылымның алдыңғы шебіндегі кәсіпкерлерді қолдау» тақырыбына арналған. Зерттеуде ғылыми жаңалықтар мен озық технологияларды стартаптарға, технологиялық компанияларға және ауқымды шешімдерге айналдыру мәселелері қарастырылады.

Жаһандық инновациялар индексі – ДЗМҰ жыл сайын әзірлейтін рейтинг. Ол әлем елдерінің инновациялық қызметі мен әлеуетін бағалайды. Индекс ұлттық инновациялық жүйелерді салыстыруға, олардың күшті және әлсіз тұстарын анықтауға, сондай-ақ алынған деректерді инновациялар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Бір жылдық көрсеткіштерді салыстырғанда Қазақстан 2025 жылғы 81-орыннан 2026 жылы 73-орынға көтеріліп, соңғы он жылдағы ең үздік нәтижесін көрсетті. ДЗМҰ деректеріне сәйкес Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің өңірлік рейтингінде Қазақстан 11 экономика арасында 4-орыннан 2-орынға көтеріліп, Орталық Азия елдері арасында І орындағы көрсеткішін сақтап қалды.

Инновациялық нәтижелер көрсеткіші бойынша да айтарлықтай оң динамика байқалды: Қазақстан 84-орыннан 73-орынға көтерілді. Ал инновациялық ресурстар көрсеткіші бойынша ел 75-орыннан 73-орынға жақсарды. Индекстің жеті негізгі бағытының ішінде ең елеулі өсім «Білім мен технологиялар саласындағы нәтижелер» бағыты бойынша тіркелді – Қазақстан 87-орыннан 69-орынға көтеріліп, бірден 18 сатыға жоғарылады. Сондай-ақ өндіріс пен экспорттың күрделілігі, өнеркәсіптік үлгілер және еңбек өнімділігінің өсімі сияқты көрсеткіштер бойынша да оң өзгерістер байқалды.

GII-2026 рейтингінде Қазақстанның бірқатар көрсеткіштері жоғары нәтижелермен ерекшеленді. Атап айтқанда, пайдалы модельдер бойынша әлемде 7-орында, мемлекеттік онлайн-қызметтер бойынша 10-орында, еңбек өнімділігінің өсімі бойынша 20-орында, ұлттық толықметражды фильмдер бойынша 24-орында, жоғары технологиялық өнімдер экспорты бойынша 27-орында, капиталдың жалпы жинақталуы бойынша 31-орында, ал QS жетекші университеттер рейтингі бойынша 35-орында тұр.

Осылайша, бір жыл ішінде Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде сегіз сатыға көтеріліп, айтарлықтай оң динамика көрсетті және Орталық Азиядағы көшбасшылық позициясын сақтап қалды.