«Таза Қазақстан»: ШҚТУ UI GreenMetric 2026 әлемдік рейтингінде Қазақстандағы көшбасшылығын сақтады

«Таза Қазақстан»: ШҚТУ UI GreenMetric 2026 әлемдік рейтингінде Қазақстандағы көшбасшылығын сақтады

«Таза Қазақстан»: ШҚТУ UI GreenMetric 2026 әлемдік рейтингінде Қазақстандағы көшбасшылығын сақтады

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті UI GreenMetric World University Rankings 2026 халықаралық рейтингіндегі жоғары көрсеткіштерін тағы да растады. ШҚТУ Қазақстан жоғары оқу орындары арасында І орынды сақтап, әлемдегі үздік 150 «жасыл» университеттің қатарына енді.

2026 жылы рейтингке әлемнің 2015 университеті қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 270 жоғары оқу орнына көп. Қазақстандық ЖОО-лардың да қатысу ауқымы кеңейді: 2025 жылы рейтингте еліміздің 30 университеті болса, 2026 жылы олардың саны 41-ге жетті. ШҚТУ Қазақстандағы көшбасшылық орнын сақтап, тұрақты даму бағытындағы нәтижелерінің жүйелілігін көрсетті.

Рейтинг критерийлерін орындау көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. 2026 жылы университеттің жалпы нәтижесі 8462,5 балға дейін өссе, ең жоғары ықтимал көрсеткіштерді орындау үлесі 2020 жылғы 71%-дан 2026 жылы 85%-ға жетті.

Университет білім беру мен ғылым саласында жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. «Білім беру және зерттеулер» санаты бойынша ШҚТУ екінші жыл қатарынан 100% нәтижеге қол жеткізді. Ал жаңа «Басқару» санатындағы көрсеткіш 99%-ды құрады. Бұл тұрақты даму қағидаттарының университетті басқару жүйесіне жүйелі түрде енгізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар су ресурстарын ұтымды пайдалану және басқару бағытында да айтарлықтай оң динамика байқалды.

ШҚТУ-дың «жасыл» даму бағыты білім беру және ғылыми жобаларды, энергия тиімді инфрақұрылымды дамытуды, табиғи ресурстарды жауапты пайдалануды, экологиялық бастамаларды, сондай-ақ университеттің климаттық және энергетикалық саясатын қамтиды.

UI GreenMetric рейтингінде Қазақстан жоғары оқу орындары арасында көшбасшылықты сақтау және әлемдік топ-150 қатарына ену – ШҚТУ-дың экологиялық жауапкершілікке, инновацияларға және тұрақты даму мақсаттарына негізделген заманауи университеттік ортаны қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.