Марке политехникалық университеті филиалының алғашқы студенттері Италияға аттанды

Марке политехникалық университеті филиалының алғашқы студенттері Италияға аттанды

Марке политехникалық университеті филиалының алғашқы студенттері Италияға аттанды

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Италияның Марке политехникалық университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуға аттанатын студенттермен кездесу өтті.

Кездесу барысында университет ректоры Ермек Бөрібаев студенттерге шетелде білім алу кезеңінде жауапкершілік танытып, академиялық білім мен тәжірибесін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Сіздер – Жетісу университетінде қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын студенттердің Италияға аттанған алғашқы легісіздер. Шетелде оқу барысында университеттің ғана емес, еліміздің де абыройын лайықты деңгейде танытуларыңыз маңызды. Марке политехникалық университетінде сапалы білім алып, жаңа тәжірибе жинақтап, алған білімдеріңізді ел игілігіне бағыттайсыздар деп сенемін. Сапарларыңыз сәтті болсын!» – деді ректор.

Кездесуде студенттерге Италияда білім алу кезеңіндегі қауіпсіздік талаптары, жаңа ортаға бейімделу, оқу үдерісін ұйымдастыру тәртібі және академиялық талаптар бойынша түсіндірме берілді.

Студенттер атынан «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиясы» қос дипломды білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Малика Арынова сөз сөйлеп, университет басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, 2024 жылы Жетісу университеті мен Марке политехникалық университетінің ынтымақтастығы аясында университет базасында италиялық жоғары оқу орнының филиалы құрылды. Сол жылы алғашқы қос дипломды білім беру бағдарламасы әзірленіп, студенттерді қабылдау басталды. 2025 жылғы 16 шілдеде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен филиал кампусының ресми ашылу рәсімі өтті.

Қазіргі таңда «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиясы» қос дипломды білім беру бағдарламасында білім алып жатқан студенттердің алғашқы тобы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Италияның Анкона қаласына аттанып, оқуын Марке политехникалық университетінде жалғастырады.

Бұл бастама халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыруға және қос дипломды білім беру бағдарламаларын кеңейтуге бағытталған.