Астанада «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өз мәресіне жетті

Астанада «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өз мәресіне жетті

Астанада «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өз мәресіне жетті

Назарбаев Университетінде (NU) «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өтті. Симпозиумды ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен Назарбаев Университеті және Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп ұйымдастырды. Симпозиум Археология институтының 35 жылдығына орай өткізілді.

Симпозиум жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Израиль, АҚШ, Ұлыбритания және басқа елдерден келген 150-ден астам зерттеуші қатысты.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Алмас Төлегенұлы құттықтау сөзін сөйледі. Ол симпозиумның отандық археологияны дамыту және оның халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялануы үшін маңызын атап өтіп, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Қатысушыларды Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад та құттықтады. Ол симпозиумның Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы жылы өтуінің нышанды мәнін атап өтіп, университет археологтарының тас дәуірінің ежелгі тұрақтары мен даладағы көшпелі мәдениеттер ескерткіштерінен бастап ХХ ғасыр нысандарына дейінгі ел тарихын зерттеуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Бұл зерттеулер қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүргізіледі.

Пленарлық отырыста Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы «Қазақстан археологиясының 35 жылы: ғылыми жетістіктер, жаңа бағыттар және даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол тәуелсіздік жылдарындағы отандық археологияның дамуы, бұл үдерістегі Институттың рөлі және алдағы зерттеулердің перспективалары туралы айтты.

Пленарлық отырыста Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші ғалымдары да сөз сөйледі. Олардың қатарында ҚР ҰҒА академигі Жәкен Таймағамбетов, Ресей ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы институтының директоры Андрей Поляков, Солтүстік-Батыс университетінің (Сиань қ., ҚХР) профессоры Ван Цзяньсинь, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Зайнолла Самашев және Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Антропология институтының директоры Фархад Мақсұдов бар. Ғалымдар өз баяндамаларында Қазақстанның үңгір ескерткіштерін, қола дәуірін, даланың ежелгі мәдениеттерін және жылқы шаруашылығының ерте тарихын зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Симпозиумның нәтижелерінің бірі – Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Шэньси провинциясының (ҚХР) Мәдени мұра және археология институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Шэньси институтын Чун Цяньрун басқарады. Құжат Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін бірлесіп зерттеуді көздейді.

Халықаралық археологиялық симпозиум алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында өтіп, Орталық Азия археологиясының өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Сол кезде зерттеулердің тас және қола дәуірлерін кезеңдеу, ерте көшпелілер мұрасын зерттеу және далалық қала мәдениетінің қалыптасуы деген негізгі бағыттары айқындалды. Бұл тақырыптар екінші симпозиум бағдарламасында одан әрі жалғасын тапты.

II симпозиум бағдарламасы пленарлық отырыс пен төрт тақырыптық панельдік сессиядан тұрды:

«Үңгірлер – Еуразияның тас дәуірінің археологиялық архиві»: Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ, Сібір және Батыс Еуропадағы үңгір ескерткіштерін зерттеу, археологиялық микроморфология әдістері және жартас өнерін зерттеу;

«Қола дәуірінің протоиндустриалды ландшафттары»: қола дәуірінің тау-кен металлургиялық кешендері, металдар мен технологиялардың таралуы, Еуразияның өңіраралық байланыстары;

«Дала өркениетінің феномені: билік, қоғам және мәдени трансформация»: көшпелі әлемнің қалыптасуы, далалық қоғамдардың әлеуметтік-саяси ұйымдасуы, киелі ландшафттар, мүсіндеу дәстүрі, көші-қон;

«Қазақстанның ортағасырлық археологиясының өзекті мәселелері»: ерте ортағасырлық қоныстардың урбандалуы, нумизматика, керамика дәстүрлері, жаңа антропологиялық деректер және кеңістіктік талдау әдістері.

Симпозиум аясында «Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының басылымдары (2021–2025 жж.)» тақырыпты кітап көрмесі және «Уақытпен тілдескенде...» фотокөрмесі жұмыс істеді. Кітап көрмесінде Институттың соңғы бес жылдағы ғылыми басылымдары ұсынылды. Фотокөрмеде экспедициялардың, олжалардың және алғашқы реконструкциялардың сирек кездесетін архив кадрлары арқылы отандық археология тарихы көрсетілді.

Симпозиум жаңа ғылыми деректерді алмасуға және Еуразия археологиясының өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң болды, сондай-ақ қазақстандық археологтардың шетелдік әріптестерімен халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етті.