Астанада алғашқы Қазақстан-Малайзия университеттер форумы өтті

Астанада алғашқы Қазақстан-Малайзия университеттер форумы өтті

Астанада алғашқы Қазақстан-Малайзия университеттер форумы өтті

Астанада Maqsut Narikbayev University базасында алғашқы Қазақстан-Малайзия университеттер форумы өтті. Форум екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланысты нығайтуға, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ жаңа бірлескен бастамаларды талқылауға арналды.

Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан мен Малайзия арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың қалыптасқан институционалдық негізіне тоқталды. Қазіргі таңда 40-тан астам қазақстандық және 30-дан астам малайзиялық жоғары оқу орны арасында 80-нен астам ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Биыл 50-ден астам қазақстандық студент Малайзия университеттеріндегі академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысты. Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарында Малайзиядан келген мамандар білім беру және ғылыми қызметке тартылады.

Министр университетаралық ынтымақтастықты меморандумдармен ғана шектемей, нақты нәтижелерге бағыттау қажеттігін атап өтті. Негізгі басымдықтар қатарында бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, білім беру бағдарламаларын дамыту, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын кеңейту, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инженерия, инновациялар және жоғары білікті адами капиталды дамыту бағыттары белгіленді.

Форумға Қазақстан тарапынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық спорт университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, NU, Maqsut Narikbayev University, Astana IT University, SDU University және Алматы менеджмент университетінің өкілдері қатысты.

Малайзия тарапынан форум жұмысына Education Malaysia Global Services, Universiti Malaysia Sarawak (UNIMAS), Malaysian Qualifications Agency, Universiti Kuala Lumpur, IMU University, Universiti Pendidikan Sultan Idris, Universiti Malaya - Wales және басқа да жоғары оқу орындары мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форум аясында қазақстандық және малайзиялық жоғары білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен Education Malaysia Global Services, сондай-ақ Алматы менеджмент университеті мен Universiti Malaysia Sarawak (UNIMAS) арасында ынтымақтастық туралы құжаттар рәсімделді.

Малайзия делегациясының Қазақстанға сапары аясында Жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқыды. Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты. Сонымен қатар Замбри Абдул Кадирге университеттің Құрметті профессоры атағы берілді.

Малайзия делегациясының сапары Қазақ ұлттық спорт университетінде жалғасты. Кездесу барысында делегация университеттің қызметімен танысып, тараптар жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.