Қазақстан мен Малайзия жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады 

Қазақстан мен Малайзия жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады 

Қазақстан мен Малайзия жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады 

Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Малайзияның Жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадирдің кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар жоғары білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі кеңейтудің перспективаларын талқылады. Негізгі назар академиялық ұтқырлықты дамытуға, университеттер арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға, бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыруға, трансұлттық білім беру жобаларын дамытуға және білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды.

Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, елімізде жетекші шетелдік университеттермен стратегиялық серіктестік негізінде бірқатар филиалдар мен бірлескен білім беру жобалары іске асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жасанды интеллектіні білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізу, университеттерді зерттеу орталықтарына айналдыру және технологиялар трансферін дамыту бағыттары таныстырылды. Кездесуде энергетика, жасанды интеллект, денсаулық сақтау және биотехнология, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы университетаралық ғылыми ынтымақтастықтың әлеуеті талқыланды.

Малайзияның Жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир Қазақстанның жоғары білімді дамыту бағытындағы бастамаларына қызығушылық білдіріп, екі елдің осы саладағы басымдықтарының үндестігін атап өтті. Малайзиялық тарап трансұлттық білім беру, студенттік және зерттеушілік ұтқырлық, сондай-ақ екі ел үшін өзара қызығушылық тудыратын нақты ғылыми бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде дипломдар мен біліктіліктерді өзара тану мәселесіне де назар аударылды. Тараптар студенттер мен университеттер үшін тиісті рәсімдердің түсінікті әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету және осы бағыттағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Малайзия делегациясы NU компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект саласындағы жаңа бастамалармен танысты.