2027–2029 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары талқыланды

2027–2029 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары талқыланды

2027–2029 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары талқыланды

24 қыркүйекте Ғылым ордасында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп, 2027–2029 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамытудың басым бағыттарын қалыптастырудың жаңа тәсілдерін түсіндіру жөніндегі жұмыс кеңесін өткізді.

Жұмыс кеңесінің негізгі тақырыбы ҚР ҰҒА-ның ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау жөніндегі ауқымды атқарылған жұмысына арналды. ҚР ҰҒА-ның бас ғалым хатшысы Тоқбергенов Исмаил Тасанбиұлы өз баяндамасында жаңа интеграцияланған бағыттардың терең әрі жан-жақты ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелері негізінде қалыптастырылғанын атап өтті.

Кеңес барысында табиғи-өндірістік жүйелерді басқаруды, ғылыми білімнен өндіріске дейінгі толық технологиялық тізбекті дамытуды, денсаулық пен өмір сапасын арттыруды, мемлекет пен қоғамның кешенді қатерлерге төзімділігін нығайтуды, сондай-ақ ұзақ мерзімді технологиялық тәуелсіздіктің негізі ретіндегі іргелі зерттеулерді қамтитын бес интеграцияланған басым бағытты қалыптастыру логикасы таныстырылды.

Ұсынылған басым бағыттар 70 сараптамалық сессия мен 220-ға жуық ғылыми-технологиялық міндетті қамтыған ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелеріне, стратегиялық құжаттарды, әлемдік үрдістерді және елдің ғылыми әлеуетін талдауға негізделген. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – ғылыми ресурстарды ұзақ мерзімді ұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыру, зерттеулердің қайталануын азайту және ғылым, мемлекеттік басқару, экономика мен қоғам қажеттіліктері арасындағы байланысты нығайту.

Басым бағыттарды ірілендіру салалық маманданудан бас тартуды немесе қаржыландыруды біртұтас, бөлінбейтін бюджетке біріктіруді білдірмейтіні атап өтілді. Ауыл және су шаруашылығы, экология, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, энергетика, көлік, цифрландыру, ұлттық қауіпсіздік, білім беру және басқа да салалардағы нақты міндеттер мамандандырылған ғылыми бағыттар арқылы нақтыланатын болады.

Мамандандырылған ғылыми бағыттарды (МҒБ) аналитикалық негіздеме негізінде қалыптастыру тәртібіне ерекше назар аударылды. Мұндай негіздемеде мәселенің мазмұны, қолда бар ғылыми негіз, әлемдік үрдістер, қажетті құзыреттер мен инфрақұрылым, күтілетін нәтижелер, әлеуетті пайдаланушылар және практикалық қолдану шарттары көрсетілуге тиіс. Бұл ретте МҒБ мәртебесі белгілі бір ұйымды немесе жобаны автоматты түрде қаржыландыруды білдірмейді: конкурстық іріктеу мен тәуелсіз ғылыми сараптама сақталады.

МҒБ тетігі арқылы ҚР ҰҒА-ның Ғылым комитетімен және салалық министрліктермен жүргізетін нақты әрі нысаналы жұмысына ерекше мән берілді. МҒБ ұзақ мерзімді мақсатты дәйектермен негізделген ғылыми міндетке айналдыратын құрал ретінде қызмет етеді. Бұл жүйеде ҚР ҰҒА ғылыми-талдамалық негіз әзірлейді, ал салалық мемлекеттік органдар сұраныс пен әзірлемелерді енгізу шарттарын растайды.

Жұмыс кеңесі мүдделі тараптардың кең ауқымын біріктірді. Оған салалық министрліктердің, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның және ғылыми ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) мүшелері қатысты. Ашық диалог форматы жаңа саясаттың барлық қырын егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді.

Қатысушылар ғылыми қоғамдастық, мемлекеттік органдар және сараптамалық құрылымдар арасындағы жауапкершілікті бөлу мәселесін де талқылады. Ғылыми ұйымдар ұсынылатын шешімдердің негізділігін қамтамасыз етеді, салалық мемлекеттік органдар нәтижелердің практикалық сұранысқа ие екенін және оларды қолдану шарттарын растайды, ал сараптамалық органдар қойылған міндеттердің ғылыми сапасы мен іске асырылу мүмкіндігін бағалайды.

ҚР ҰҒА бас ғылыми хатшысы мен Академия өкілдері салалық мемлекеттік органдардың, Ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) мүшелерінің және ғылыми қоғамдастық өкілдерінің барлық сұрағына жауап берді. Жаңа модельдің салалық мамандануды жоймайтыны жан-жақты түсіндірілді. Пәндік жауапкершілік пен бейінді сараптама МҒБ аясында сақталады, сонымен бірге МҒБ деңгейі жобаларды тәуелсіз конкурстық сараптауды алмастырмайды.

Ашық талқылау барысында мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері басым бағыттардың мазмұны, мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру және ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру тетіктері жөнінде ұсыныстар айтты. Түскен ұсыныстар жобаға одан әрі пысықтау барысында ескерілетін болады.