
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешенді технологиялық жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте аграрлық секторға агрономия, инженерия, биотехнология және цифрлық технологияларды меңгерген білікті мамандар қажет.
Осы бағыттағы кадрларды даярлау мәселелері Kozybayev University-ге «Харвест Агро Холдинг» ЖШС өкілдерімен кездесуі барысында талқыланды.
Harvest Agro – өсімдік шаруашылығы және заманауи агротехнологиялар саласында жобаларды жүзеге асырып келе жатқан халықаралық компания. Компания әлемнің 35-тен астам елінде жұмыс істейді және Қазақстандағы өндірістік қызметін кеңейтеді.
Kozybayev University мен Harvest Agro арасындағы ынтымақтастық агроөнеркәсіптік кешеннің нақты қажеттіліктеріне сай мамандар даярлауға бағытталмақ. Тараптар студенттердің өндірістік практикасы мен тағылымдамаларын ұйымдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ бизнес өкілдерін дипломдық және магистрлік жұмыстардың тақырыптарын әзірлеуге тарту мәселелерін қарастырды.
«Біз аграрлық кәсіпорындардың нақты міндеттері дипломдық және магистрлік жобалардың негізіне айналып, оларды шешуге агрономдар, технологтар, IT-мамандар мен ғалымдардан құралған пәнаралық командалар қатысқанын қалаймыз. Мұндай тәсіл студенттерге оқу барысында нақты өндірістік мәселелермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ербол Исақаев.
Ынтымақтастық аясында топырақ пен су құрамын талдау, суармалы егіншілік, цифрлық мониторинг және өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
«Біздің міндетіміз – алдағы бес жылда Қазақстанның 12 өңірінде 60 жобаны жүзеге асыру. Бұл үшін агротехнологияларды, инженерлік шешімдерді, биоинженерия мен жасанды интеллектіні меңгерген мамандар қажет. Сондықтан еліміздегі кадрлық және сараптамалық әлеуетті дамытуға, жаңа құзыреттерді қалыптастырып жатқан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуға ерекше мән береміз», – деді «Харвест Агро Холдинг» ЖШС HR-директоры Жанар Қапенова.
Компания өкілдері университеттің зертханаларын аралап, ауыл шаруашылығы өндірісіне бағытталған бірлескен ғылыми-қолданбалы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – Kozybayev University, Harvest Agro және University of Arizona, оның ішінде Arizona Genomics Institute арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту. Институт директоры, әлемге танымал ғалым Род Винг әріптестерімен геномика, биотехнология, өсімдік шаруашылығы және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобалардың перспективаларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Kozybayev University мен «Харвест Агро Холдинг» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.