Астанада әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі – HackAlem AI өтті

Астанада әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі – HackAlem AI өтті

Астанада әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі – HackAlem AI өтті

Астанада AI Month аясында OpenAI және NVIDIA сияқты әлемдік технологиялық компаниялардың қатысуымен әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі HackAlem AI өтті. Хакатон Guinness World Records әлемдік рекордын орнатуға ресми талпыныс ретінде ұйымдастырылды.

HackAlem AI жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға арналған іс-шаралар топтамасы – AI Month бағдарламасын ашты. AI Month Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай халықаралық AI & Digital Bridge 2026 технологиялық форумы қарсаңында өтіп жатыр.

«Біз үшін HackAlem AI – дарынды жастарды, озық технологиялар мен экономиканың нақты міндеттерін бір арнаға тоғыстыратын бірегей мүмкіндік. Қатысушылар еліміздің жетекші компаниялары ұсынған өндірістік мәселелерді шешумен айналысып, бизнес пен негізгі салаларға қажетті шешімдерді әзірледі. Басты мақсатымыз – Қазақстанда талант, технология және нақты сектордың сұранысы бір ортада ұштасатын экожүйе қалыптастыру. Жобалардың ішіндегі ең үздіктері идея мен прототиптен бастап, оны сынақтан өткізіп, өндіріске енгізуге дейінгі толық жолдан өтуі аса маңызды. Технологиялық командалар мен өнеркәсіп саласының дәл осындай тығыз байланысы арқылы ғана жаһандық нарықта бәсекеге түсе алатын жаңа өнімдер мен компаниялар дүниеге келеді», – деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

HackAlem AI хакатонының ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаманың отандық AI-экожүйені дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірінен студенттердің осындай ауқымды жобаларға қатысуы жасанды интеллект саласында жаңа буын мамандарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінде жасанды интеллект елдер мен экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі технологиялардың біріне айналып келеді. Қазақстан үшін дайын шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, әзірлеушілердің, зерттеушілердің және технологиялық кәсіпкерлердің өзіндік экожүйесін қалыптастыру маңызды. HackAlem AI ауқымы жастардың осы салаға қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Хакатонға 6,5 мың өтінім келіп түсті, оның шамамен 5 мыңы еліміздің 129 жоғары оқу орнының студенттерінен келіп түскен. Бүгінде барлық жоғары оқу орындарында AI курстары енгізілді, ал жасанды интеллект саласында мамандар даярлайтын 50-ден астам білім беру бағдарламасы іске асырылады. Биыл Qazaq AI Research University – Орталық Азиядағы алғашқы AI-enabled университеті өз жұмысын бастады. Біздің міндетіміз – бұл тәсілді біртіндеп Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына енгізу. Мұнда жасанды интеллект білім беру үдерісінде ғана емес, ғылыми зерттеулерде, студенттерге көрсетілетін сервистерде және басқару жүйесінде де қолданылуы тиіс», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бес сағат ішінде қатысушылар энергетика, қаржы, басқару, телекоммуникациялар, логистика, креативті индустриялар, білім беру, инновациялар, коммуникациялар және сауда сияқты он бағыт бойынша AI-шешімдер әзірледі. Әзірлеушілер, студенттер мен жас мамандар бизнес, мемлекет және экономиканың негізгі салаларының нақты міндеттеріне арналған шешімдермен жұмыс істеді.

«HackAlem AI әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас әзірлеушілер, студенттер мен AI-энтузиастар үшін ауқымды алаңға айналды. Хакатонға 21 елден 2 500 адам қатысты, олардың қатарында 129 университеттің студенттері бар. Әр қатысушы OpenAI және NVIDIA секілді әлемдік технология көшбасшыларының технологиялық ресурстарын пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Қазақстанда талантты жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру, олардың білім мен озық технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз ету және идеяларын нақты өнімге айналдыруға көмектесу біз үшін маңызды. Жас әзірлеушілердің алғашқы тәжірибе жинақтап қана қоймай, жаһандық нарыққа шығуға қабілетті шешімдер жасағанын қалаймыз. Осындай бастамалар Қазақстанның жаңа буын технологиялық көшбасшыларын қалыптастырады», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.

Хакатонға қатысушылар OpenAI, NVIDIA және АҚШ-тың Arizona State University ұсынған жалпы құны 1,5 млн долларға дейінгі технологиялық және білім беру ресурстарына қол жеткізді.

«HackAlem AI – ең ірі Agentic AI Hackathon ғана емес, сонымен қатар бүгінгі таңда біздің өңірде қандай ауқымды мүмкіндіктер қалыптасып келе жатқанын көрсететін жоба. Біз хакатон Guinness World Records әлемдік рекордын орнатуға талпыныс ретінде өткізіліп жатқанын алғаш рет ресми түрде жариялап отырмыз. Жобаға OpenAI, NVIDIA, Palo Alto Networks, Firebird және Arizona State University сияқты әлемдік технологиялық серіктестер қатысып жатыр. Бұл Қазақстан мен Орталық Еуразияның жаһандық AI-экожүйеге барған сайын терең интеграцияланып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Silkroad Innovation Hub миссиясы – өңіріміздің таланттарына, командалары мен компанияларына жаһандық технологияларға, білімге және серіктестікке жол ашу. HackAlem AI – дәл осындай мүмкіндік: маңызды жобаларды осы өңірде жүзеге асырып, олардың жаһандық ауқымға шығуына жол ашу», – деді Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы әрі CEO Әсет Абдуалиев.

Үздік AI-шешімдердің авторлары жалпы көлемі 200 мың доллар болатын жүлде қорын өзара бөліседі. Оның ішінде 100 мың доллар технологиялық ресурстар түрінде, тағы 100 мың доллар Astana Hub тарапынан ұсынылады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында өтеді.

Әлемдік рекорд орнату талпынысы Guinness World Records талаптарына сәйкес жүргізілді. HackAlem AI хакатонының ұйымдастырушылары мен серіктестері – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, Blockchain & AI Technology Center (BAITC), «Романовский продукт», AI & Digital Bridge, OpenAI, NVIDIA, Arizona State University, Palo Alto Networks және MSSP.GLOBAL.