Қазақ ұлттық спорт университеті мен Стерлинг университеті серіктестіктің жаңа бағыттарын қарастырды

Қазақ ұлттық спорт университеті мен Стерлинг университеті серіктестіктің жаңа бағыттарын қарастырды

Қазақ ұлттық спорт университеті мен Стерлинг университеті серіктестіктің жаңа бағыттарын қарастырды

Қазақ ұлттық спорт университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Стерлинг университетінің (University of Stirling, Шотландия) өкілдерімен кездесіп, спорттық білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын талқылады. Шетелдік делегация университеттің заманауи білім беру, спорттық және ғылыми инфрақұрылымымен танысты.

Кездесуге Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева, Стерлинг университетінің аға проректоры Невилл Уайли және Стерлинг университетінің медицина ғылымдары және спорт факультетінің доценті, доктор Роберт Моррис қатысты.

Саясат Нұрбек британдық университет өкілдеріне Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ынтымақтастықтың дамуы және шетелдік жоғары оқу орындарымен жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар туралы айтып берді. Министр Қазақстанның халықаралық академиялық тәжірибені тартуға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған ынтымақтастықтың жаңа үлгілеріне ашық екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан жетекші шетелдік университеттердің заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын елімізде жүзеге асыруына қажетті жағдай қалыптастырып отыр. Біз бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалардан бастап, институционалдық серіктестіктің неғұрлым терең түрлеріне дейінгі әртүрлі ынтымақтастық үлгілеріне ашықпыз. Мұндай жобалар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне нақты қосымша құндылық әкелуі маңызды», – деді Саясат Нұрбек.

Кездесу барысында Қазақ ұлттық спорт университетінің кәсіби тәжірибесі мен заманауи инфрақұрылымы бар бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға ерекше мән берілді. Олардың қатарында спорт психологиясы, спорттық медицина және физиология, спорттық нәтижелілікті арттыру, деректерді талдау, спорттағы жасанды интеллект және спорт менеджменті бар.

Стерлинг университетінің өкілдері университетпен ықтимал серіктестік алдымен Қазақ ұлттық спорт университетінің спорт саласындағы кәсіби әлеуетіне негізделуі керек екенін атап өтті.

«Біз әлемдегі жетекші спорт университеттерімен жұмыс істеуге мүдделіміз. Қазақ ұлттық спорт университетін осы өңірдегі әлеуеті жоғары серіктестердің бірі ретінде қарастырамыз. Біз үшін өз тәжірибеміздің сіздердің университеттеріңізде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды қалай толықтыра алатынын түсіну маңызды», – деді Невилл Уайли.

Тараптар халықаралық ынтымақтастықтың түрлі үлгілерін – бірлескен білім беру бағдарламалары мен академиялық алмасулардан бастап, серіктестіктің неғұрлым ауқымды түрлеріне дейін талқылады. Стерлинг университетінің өкілдері академиялық талаптардың жоғары деңгейін сақтау, білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету және ғылыми бағытты одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті.

Кездесуде спортшыларды спорттық дайындықты, спорт ғылымын және академиялық білім беруді бір жүйеге біріктіретін ықпалдастырылған модель бойынша даярлау мәселесі де талқыланды. Мұндай тәсіл жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлаумен қатар олардың спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де кәсіби жолын жалғастыруына мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар жаттықтырушылық, спорт менеджменті, ғылыми-зерттеу және басқа да бағыттарда еңбек ете алады.

Айта кетерлігі, бүгінде Қазақ ұлттық спорт университеті кадр даярлау, ғылыми зерттеулер, спорттық медицина, цифрлық технологиялар және спортшылардың практикалық дайындығын бір арнаға тоғыстыратын заманауи спорттық білім мен ғылым экожүйесін қалыптастырып келеді.

2026 жылғы қыркүйекте университет Халықаралық Олимпиада комитетінің академиялық олимпиадалық зерттеу орталықтарының жаһандық желісіне қосылды. Осылайша, ол Орталық Азиядағы мұндай мәртебеге ие болған алғашқы университет атанды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары мен ықтимал форматтарын егжей-тегжейлі пысықтауға келісті.