
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өтіп жатқан Science Summit 2026 шеңберінде «Science Diplomacy and Global Cooperation» тақырыбында жоғары деңгейдегі диалог өтті. Іс-шара ғылым, жоғары білім, жаңа технологиялар және халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Диалогты ICESCO мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп ұйымдастырды. Қазақстан делегациясын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Сауле Сагинтаева басқарды. Сессияны ICESCO-ның Ғылым және қоршаған орта секторының басшысы Қуаныш Ерғалиев жүргізді. Қатысушылар ғылыми дипломатияның халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамыту, ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ зерттеу әлеуетін экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау мәселелерін талқылады.
Панельдік сессия барысында Сауле Сагинтаева Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласындағы тәжірибесін таныстырып, «Kazakhstan as a Bridge for Knowledge, Innovation and Cooperation» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуы, халықаралық ғылыми және академиялық байланыстарды дамыту, адами капиталды нығайту, жоғары білімді интернационалдандыру, сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту мәселелері қамтылды.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ICESCO арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Меморандум ғылым, жоғары білім, зерттеулер және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруға, сондай-ақ ғылыми дипломатия тетіктерін дамытуға бағытталған.
Диалог барысында Al Farabi-ICESCO Center for Science Diplomacy бастамасы, жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейту мәселелері де талқыланды. Іс-шара қорытындысы бойынша New York Joint Statement on Science Diplomacy for Inclusive Global Development құжаты қабылданып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.
Science Summit 2026 аясындағы диалог Қазақстанның халықаралық ғылыми ынтымақтастықтағы байланыстарын одан әрі нығайтуға, ғылыми дипломатияны бірлескен зерттеулерге, технологиялық бастамаларға және нақты халықаралық жобаларға айналдыруға жаңа мүмкіндіктер ашты.