QyzPU оқытушылары Apple технологиялары бойынша біліктілігін арттырды

QyzPU оқытушылары Apple технологиялары бойынша біліктілігін арттырды

QyzPU оқытушылары Apple технологиялары бойынша біліктілігін арттырды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушылары, PhD доктор Жұлдыз Базаева мен Айнұр Базарбаева Apple компаниясының білім беру бағдарламасы аясында кәсіби сертификаттаудан өтіп, халықаралық сертификаттарға ие болды.

Оқытушылар iTeacher Academy – Apple Authorized Reseller ұйымдастырған арнайы оқу курсында Swift бағдарламалау тілін және мобильді қосымшалар әзірлеудің заманауи тәсілдерін меңгерді. Бағдарлама аясында педагогтерге практикалық тапсырмалар орындау, қосымшаларды әзірлеу және цифрлық құралдарды оқу үдерісінде тиімді қолдану мүмкіндіктері ұсынылды.

Сертификаттау барысында меңгерген білім мен дағдылар қазіргі таңда оқу үдерісіне енгізіліп отыр. Оқытушылар сабақ барысында студенттерге бағдарламалау үдерісін интерактивті форматта көрсетіп, нақты уақыт режимінде мобильді қосымшалардың прототиптерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Swift – iOS, macOS және iPadOS платформаларына арналған қосымшалар әзірлеуде кеңінен қолданылатын бағдарламалау тілдерінің бірі. Оны оқу студенттердің бағдарламалау бойынша практикалық дағдыларын жетілдіруге және мобильді қосымшалар әзірлеу бағытындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Оқу бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект құралдарын бағдарламалау үдерісінде пайдалану. ЖИ ассистенті пайдаланушы сипаттаған идея негізінде бастапқы код пен қосымшаның құрылымын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл тәсіл студенттердің бағдарламалау негіздерін тәжірибе жүзінде меңгеруіне және цифрлық өнімдерді әзірлеу дағдыларын дамытуына жағдай жасайды.

«Apple-дің халықаралық стандарттарына сай білім алып, сертификат иегері атану оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде меңгерген заманауи тәсілдерді сабақ барысында студенттерге үйретіп, тәжірибеде қолданып жатырмыз. Swift бағдарламалау тілін меңгеру студенттердің мобильді қосымшалар әзірлеу бағытындағы практикалық дағдыларын жетілдіріп, IT саласындағы кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді», – деді аға оқытушы, PhD Жұлдыз Базаева.

Оқытушылардың халықаралық сертификаттарға ие болуы – университетте цифрлық педагогиканы дамыту, білім беру үдерісіне заманауи IT құралдарын енгізу және студенттердің практикалық құзыреттерін арттыру бағытындағы жұмыстың нәтижесі.