
Солтүстік Қазақстан облысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қытайлық серіктестері – Шыңжаң ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық университеті және «Тайкунь» корпорациясымен бірлесіп, агроөнеркәсіптік кешенге қажетті мамандар даярлау жобасын іске асырып жатыр.
Kozybayev University-де қытайлық серіктестермен өткен кездесуде тараптар кадр даярлау, практикалық оқыту және өндірістік тәжірибені ұйымдастыру бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге келді. Жоба аясында студенттер Қазақстан мен Қытайда білім алып, заманауи технологияларды меңгереді. Сондай-ақ «Тайкунь» корпорациясының кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастырылған.
Жоғары курс студенттері үшін дуалды оқыту тетігін енгізу жоспарланған. Алғашқы кезеңде 20-30 студентті қабылдау көзделіп отыр. Сонымен қатар тараптар қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу мүмкіндігін қарастырады.
«Біздің мақсатымыз – студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, нақты өндіріс пен жұмыс берушілердің сұранысына сай құзыреттерді қалыптастыру. Бұл білім беру, өндірістік тәжірибе және еңбек нарығын өзара байланыстыратын біртұтас жүйе құруға мүмкіндік береді», – деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ербол Исакаев.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Қазақстанда іске асырылатын «Тайкунь» жобалары үшін білікті мамандар даярлау. Корпорация Қазақстанда күнбағыс тұқымын өңдейтін зауыт, сондай-ақ өсімдік майы, ақуыз және жемшөп өндіретін кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастырады. Жобаны іске асыру шамамен 80 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
«Біз Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Алдағы уақытта Қазақстанда күнбағыс тұқымын өңдейтін зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Жобаны іске асыру шамамен 80 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді «Тайкунь» корпорациясы партия комитетінің хатшысы, кадрлар жөніндегі директордың орынбасары Хэ Цзяньшэн.
Сапар аясында Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы академиясы, сондай-ақ Орталық Азия астық, майлы дақылдар мен жемшөпті өңдеу технологияларының оқу орталығы ашылды.
«Біз бірлесіп көп нәтижеге қол жеткізе аламыз. Екі университеттің мүмкіндіктерін біріктіру студенттерге практикалық білім беруге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға қажетті жағдай жасайды», – деді Шыңжаң ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық университеті Зоотехнология институтының директоры Чжан Вэй.
Сонымен қатар Kozybayev University студенттерін «Тайкунь шәкіртақысы» бағдарламасы аясында қолдау және оқыту жөніндегі меморандумға қол қойылды.