
Астанада британдық Coventry University жаңа кампусының құрылысы басталды. Аумағы 35 мың шаршы метрден асатын жаңа кампуста заманауи білім беру кеңістіктері, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы мен технологиялық шешімдер шоғырланады. Сонымен қатар университеттің индустрия өкілдерімен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері кеңейеді.
Құрылыс жұмыстарының басталуына орай өткен рәсімде Coventry University Kazakhstan студенттері жаңа кампустың іргетасына кейінгі студенттерге арналған тілек жазылған капсуланы орналастырды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі, Ұлыбританияның Әзербайжан және Орталық Азия елдеріндегі сауда өкілі лорд Джон Алдердайс, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Әлібек Бақаев, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жобаның маңызына тоқталған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Coventry University-дің Қазақстандағы қызметінің дамуы шетелдік кампус ашумен ғана шектелмейтінін, оның адами капиталды дамыту міндеттерімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Coventry University үшін бұл жай ғана бизнес-жоба немесе Ұлыбританиядан тыс жерде кезекті филиал ашу емес. Бұл – Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің дамуына үлес қосып, адами капиталды нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді міндет. Қазақстанда табиғи ресурстар, стратегиялық даму жоспарлары, маңызды минералдық қорлар, атом энергетикасы мен ауыл шаруашылығы сияқты әлеуетті салалар бар. Алайда осы мүмкіндіктерді ел игілігіне барынша тиімді пайдалану үшін білімі терең, білікті кадрлар қажет. Дамыған адами капитал ғана қолда бар ресурстарды жаңа технологиялармен ұштастырып, жоғары қосылған құны бар өнімдер мен шешімдер жасауға жол ашады», – деді министр.
Жаңа кампус Астананың халықаралық білім беру инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып, британдық білім алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және технологияларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді. Мұнда студенттер, оқытушылар, ғалымдар мен бизнес өкілдері үшін білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарын тоғыстыратын орта қалыптастырылады.
Астана қаласы әкімінің орынбасарының айтуынша, Қазақстанда британдық білім беру ұйымдарының қызметін кеңейту екі ел арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.
«Білім – ұлттық экономиканың және еліміздің болашағының негізі. Қазақстан әлемнен үйреніп қана қоймай, елге әлемнің озық білімі мен тәжірибесін әкелуі қажет. Жетекші британдық білім беру ұйымдарының Қазақстанда ашылуы екі ел арасында жаңа білім беру көпірін қалыптастырады. Біз британдық ұйымдармен бірге Қазақстанға білімді, стандарттар мен ғылыми-зерттеу тәжірибесін әкеліп қана қоймай, жаңа идеялар мен серіктестіктерді дамытуға, болашақтың көшбасшыларын, ғалымдарын, кәсіпкерлері мен кәсіби мамандарын даярлауға мүмкіндік беретін орта қалыптастырып жатырмыз», – деді Талғат Рахманберді.
Жаңа кампуста еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярланып, қолданбалы зерттеулер жүргізіледі және бизнес өкілдерімен бірлесіп технологиялық шешімдер әзірленеді. Студенттер оқу барысында компаниялардың нақты міндеттерімен жұмыс істеп, ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, өздерінің инновациялық әзірлемелерін жүзеге асыра алады.
«Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде 30 мыңнан астам студент Coventry University білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатыр. Университет бірнеше кампус арқылы жұмыс істейді. Алайда Қазақстандағыдай жылдам қарқынмен еш жерде дамыған емеспіз. Primus Education серіктесімен, мемлекеттік органдармен және біз жұмыс істеп жатқан қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен ынтымақтастық, сондай-ақ қызметкерлеріміз бен оқытушыларымыздың еңбегі университетті жүйелі түрде дамытуға және жоспарларымызды іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Өзара іс-қимылдың ауқымы мен сапасы шынымен де жоғары», – деді Coventry University Group вице-канцлері Джон Лэтэм.
Басым бағыттардың бірі жасанды интеллект және оны экономиканың нақты секторларында – өнеркәсіпте, қаржы саласында, бизнесте және дизайнда қолдану болады. Жасанды интеллект білім беру бағдарламаларына практикалық міндеттерді шешу және жаңа шешімдер әзірлеу құралы ретінде енгізіледі. Білім беру Coventry University-дің білім беру бағдарламалары бойынша халықаралық оқытушыларды тарта отырып жүзеге асырылады. Олар академиялық білімі мен Ұлыбританиядағы кәсіби тәжірибесін ұштастырады.
«Біз Астанадағы жаңа кампусымыздың құрылысын бастаудың белгісі ретінде уақыт капсуласын қойдық. Бұл – университеттің ұзақ мерзімді дамуы жолындағы маңызды қадам және Primus Capital компаниясының Қазақстанда сапалы британдық білім беруді дамыту стратегиясына сәйкес келеді», – деді Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.
Coventry University Kazakhstan Астанада 2024 жылдан бері жұмыс істеп келеді және елордадағы британдық университеттің алғашқы лицензияланған кампусы. Қазіргі уақытта мұнда 850-ден астам студент білім алып, 40-тан астам халықаралық оқытушы жұмыс істейді.
2026 жылғы қыркүйекте университет Алматы қаласында инженерия, өнер және дизайн бағыттары бойынша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтетін екінші кампусын ашады. Осылайша, Coventry University Group бір елде екі кампусы бар алғашқы британдық университет атанады.