
NU Сингапурдың Ғылым, технология және зерттеулер агенттігімен (A*STAR), Сингапур ұлттық университетімен (NUS) және Наньян технологиялық университетімен (NTU) төртжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат Сингапурдың жетекші ғылыми орталықтарымен серіктестікті кеңейтуге жол ашып, бірлескен зерттеулер жүргізуге, академиялық алмасуды дамытуға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.
Меморандумның қабылдануы Қазақстан мен Сингапур арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытудың нәтижесі болды. Екіжақты өзара іс-қимылға Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лунның Қазақстанға жасаған сапары айрықша серпін берді.
Қол қойылған меморандум ынтымақтастықты нақты бірлескен жобалар деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді. Тараптар ғылым, технология және инновациялар салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуды, оның ішінде бірлескен зерттеулер жүргізуді, ғалымдар алмасуын, кәсіби құзыреттерді жетілдіруді және академиялық ұтқырлықты дамытуды көздейді. Инновациялық экожүйе мен зерттеу инфрақұрылымы салаларындағы байланыстарды дамыту да ынтымақтастықтың жеке бағыттары ретінде белгіленді.
Меморандумға қол қою рәсіміне төрт ұйымның өкілдері қатысты. NU атынан құжатқа провост Рехан Садик, A*STAR атынан Биомедициналық зерттеулер кеңесінің атқарушы директоры, профессор Лиза Нг, Сингапур ұлттық университеті атынан NUS Жоғары мектебі деканының орынбасары, профессор Лим Сун Вонг, Наньян технологиялық университеті атынан Ли Конг Чиан атындағы NTU Медицина мектебінің қауымдастырылған профессоры Торстен Вюстефельд қол қойды.
«Төрт жетекші ұйымның басын қосуы медицинаның және биомедициналық ғылымдардың болашағы халықаралық әрі пәнаралық ынтымақтастықты қажет ететіні жөніндегі ортақ ұстанымымызды көрсетеді. Бұл серіктестік Қазақстан мен Сингапурдың ғылыми әлеуетін тоғыстырып, бірлескен зерттеулер жүргізуге жаңа мүмкіндік береді. Бірлесе отырып, күрделі биомедициналық мәселелерді шешуге және жеке бір ұйымның қолынан келе бермейтін жаңа ғылыми шешімдер мен инновацияларды дамытуға мол мүмкіндік аламыз», – деді NU-дың медицина жөніндегі вице-президенті, Медицина мектебінің деканы, профессор Хак Нг.
A*STAR Биомедициналық зерттеулер кеңесінің атқарушы директоры, профессор Лиза Нг меморандум ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашып, алдағы бірлескен жобаларға бастау болатынын атап өтті.
«Nazarbayev University мен A*STAR – ғылыми зерттеулердің бірнеше бағытын қатар қамтитын, жасанды интеллект, биология, тамақтану ғылымы және ауруларды зерттеу сияқты салаларда бірін-бірі толықтыратын құзыреттері бар ғылыми-зерттеу ұйымдары. Қазірдің өзінде NU Инженерия мектебімен жасанды интеллект саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеміз. Осы тәжірибеге сүйене отырып, ғылыми серіктестікті одан әрі дамытуға, білім мен тәжірибе алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ жас зерттеушілерді даярлау мен олардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер бар деп санаймыз», – деді профессор Лиза Нг.
A*STAR – Сингапурдың ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы жетекші мемлекеттік агенттігі. Агенттік биомедицина, жаратылыстану ғылымдары және инженерия бағыттарындағы ғылыми құзыреттерді біріктіреді. Мемлекеттік және жеке сектор өкілдерімен ашық инновациялар мен серіктестікке сүйене отырып, агенттік зерттеулер нәтижелерін практикада қолдануға, жаңа ғылыми жаңалықтар мен инновацияларды дамытуға, сондай-ақ экономикалық өсімге ықпал етеді.
Сингапур ұлттық университеті мен Наньян технологиялық университеті Сингапурдың жетекші жоғары оқу орындарының қатарында. Екі университет те ғылыми зерттеулер, технологиялық әзірлемелер және жоғары білікті мамандар даярлау бағыттарында елеулі әлеуетке ие.
Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші зерттеу университеті ретінде NU халықаралық ғылыми ынтымақтастығын және әлемнің жетекші ғылыми әрі академиялық ұйымдарымен байланысын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Мұндай серіктестіктер NU-дың ғылыми-технологиялық әлеуеті мен халықаралық академиялық беделін нығайтып қана қоймай, бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасуға және ғылыми әзірлемелерді практикалық қолданысқа енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.