Ғылым министрі Ұлыбритания өкілдерімен педагогтердің кәсіби дамуын талқылады

Ғылым министрі Ұлыбритания өкілдерімен педагогтердің кәсіби дамуын талқылады

Ғылым министрі Ұлыбритания өкілдерімен педагогтердің кәсіби дамуын талқылады

Бүгін, 18 қыркүйекте, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорси және British Council директоры Роберт Тейлормен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту және педагогтердің кәсіби дамуын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Тараптар Қазақстан педагогтерінің кәсіби дамуы саласындағы басымдықтар бойынша пікір алмасып, Ұлыбританияның тәжірибесін ескере отырып, кәсіби оқыту жүйесін жетілдіру мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, педагогтердің кәсіби дамуын ұлттық деңгейде жүйелі әрі тұрақты жетілдіруге қолдау көрсету тетіктері сөз болды.

Кездесуде педагогтердің кәсіби дамуын нақты нәтижелермен байланыстыру, мектеп базасында үздіксіз кәсіби оқытуды дамыту, тәлімгерлік пен тәжірибе алмасуды күшейту мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар тренерлер мен тәлімгерлердің кәсіби әлеуетін арттыру және сапаны қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жолдары талқыланды.

Тараптар білім беру саласындағы инновациялар мен зерттеулерді дамыту, сондай-ақ жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде саналы әрі жауапты пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.

Министр Саясат Нұрбек Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі бағыттары, министрліктің қазіргі басымдықтары мен алдағы жоспарлары туралы айтып, екі ел арасындағы академиялық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, бірлескен жұмыстың практикалық жол картасын әзірлеу мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаластыққа қол жеткізілді.