
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі Лу Бань шеберханасының базасында Great Wall Motors компаниясының инженерлік-техникалық мамандарын оқыту және сертификаттау жөніндегі Орталық Азиядағы алғашқы ресми орталық жұмысын бастады.
Жобаның іске қосылатыны туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек автомобиль өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралған Үкімет отырысында хабарлаған болатын.
«Биыл Great Wall Motor, Тяньцзинь кәсіптік институты және Astana Motors компаниясының қатысуымен ШҚТУ-дағы Лу Бань шеберханасының базасында сертификаттау орталығы іске қосылады», – деді министр.
Орталықта автокөліктерді диагностикалау, жөндеу, сатудан кейінгі сервистік қызмет көрсету және интеллектуалды жүйелер бойынша мамандар даярланады. Бағдарламаны аяқтаған қатысушылар GWM компаниясының дилерлік және сервистік орталықтарында жұмыс істеуге қажетті біліктілік сертификаттарын алады.
Алғашқы кезеңде Great Wall Motors және Tianjin Vocational University мамандары ШҚТУ-дың 15 оқытушысы мен инженерін HAVAL H7 және TANK 500 автокөліктеріне қызмет көрсету бойынша даярлады. Кейін бағдарлама халықаралық деңгейге шығып, сертификатталған университет оқытушылары Қазақстан, Армения, Грузия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжаннан келген GWM мамандарына оқу өткізді.
Орталықтың ашылуы инженерлік кадрлардың практикалық даярлығын күшейтеді. ШҚТУ студенттері заманауи автомобиль технологияларын меңгеріп, халықаралық деңгейдегі жабдықтарда жұмыс істеуге және біліктілік сертификаттауынан өтуге мүмкіндік алады.
Tianjin Vocational University бағдарламаны әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеп, халықаралық оқыту стандарттарын енгізуге атсалысады. Алдағы уақытта Орталықтың бағдарламалары Great Wall Motors компаниясының барлық модельдік қатарын қамтиды. Мұнда жыл сайын Қазақстан мен басқа елдерден кемінде 500 маманды оқыту және сертификаттау жоспарланып отыр.